Кеше «АҚШ-тың Вашингтон штатында әйелімен бірге қолтелефонына суретке түсіп, селфи жасамақшы болған ер адамды пойыз қағып кетті» деген ақпаратты оқып, жағамызды ұстадық. Негізі оқиға 21 ақпан күні таңертең болған екен. Бірге суретке түскен әйел зардап шекпеген, жігіті оқиға орнында көз жұмған. Селфи жасаймыз деп, пойыздың темір таспасының астына жапсырылып қалған трагедияны бірінші рет естіп отырғанымыз жоқ, бұған дейін де біраз адам дәл осындай жағдай астында о дүниелік болған еді.
Біздің халықтың әлеуметтік желілерді қолданатын жасы бар, жасамысы бар, саны әжептәуір. Нақты саны қанша екенін статистика агенттіктері анықтаған шығар. Сол желілерге кіріп қалсаңыз, несін айтасыз, селфилетіп, сеңдей соғылған халық. Біреуі барған концертінен, біреуі жейін деп жатқан тамағын, біреуі кездескен адамымен селфилетеді. Әуелгі мақсаты концерт көру, тамақ ішу, досымен кездесу, т.б емес сияқты. Тіпті кейбір жасы кеп қалған апайлардың «қиылып» тұрып, жиі селфи жасайтыны қызық. Солар үшін мен ұялам. Ұят пен өлімді де елең қылмайтын не деген селфи!
Өткенде әлеуметтік желі туралы Қытай жазушысы, Нобель сыйлығының иегері Мо Яньның айтқандарын көзім шалып еді. «Әлеуметтік желіні тұтынған қысқа ғана уақыт ішінде, Мен мынаған анық көз жеткіздім, адамдар әлеуметтік желіге қалай кіреді, солай олардың беті қалыңдап, жау жүрек батыр болып шыға келеді екен. Ал өзімнің әлеуметтік желіден жеке парақша ашуға келісім бергендегі мақсатым - әлеуметтік желіні пайдаланып ұятсыздықпен өзімді насихаттау және батылдықпен басқаларды сынап-мінеу. Әрине, әлеуметтік желіні пайдаланушылардың арасында өте инабатты, ниеті дұрыс, тәртіпті адамдардың көп екенін жоққа шығармаймын. Егер менің бұл жазбам әлде кімнің шамына тисе, ол бар дауысымен: сандырақ! - деп айқайласын» депті жазушы бір эссесінде.
P.S. Расымен де бет қалыңдап, ұят пен өлімді де елең қылмайтын болдық.
Нұрай ӘСЕТ