$ 443.35  475.54  4.82

Кепиет

Үлкен қалада күпінің битіндей өріп жүрміз. Панасыз емеспіз. Пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Екіден-үштен. Әйелдерімізді қоссақ бес-алтаудан. Бала-шаға бар... қоралы жан елбесіп-селбесіп дегендей. Иә, бір қора жан. Бір қора қойдан артықшылығымыз – адам деген атымыз бар әйтеуір.

Өзгелер қалай ойлайтынын. Өзгелер болғанда... ел атауын өзімізге қалдырып, қалған ен байлығыңды құйқалы қонысыңды, қойнауындағы бар асылын қарпып алып, астына басқан келімсектер, солардың шырғасына түскен қандас (қанына тартпаған қар немелер) жебірлер, зорлар мен тоңдар қалай ойлайтынын. Жә, әйтеуір «...жалданып» дегеннен көрі «...жалдап» дегенді медеу тұтқан боламыз, жыртық көңілге. Әйтпесе бірінің үстіне бірі мінген, бірінің шабына бірі кеп тұмсық тыққан көксау көліктерден шыққан көк түтінге қақалып отырып, кір сасыған ауласынан ұшып өткен көк шыбынды да жақтырмайтын «кірпияз» қожайынның қас-қабағы қу тірліктің алдағы күнгі «ауа-райын» бақылап беретін қотыр құжыралардың құныкеріміз. Төл баспанаға қол жеткізу төбеңмен көкті тескендей, біз секілді қаратабанға.

Маң далада мал сүмесін еміп өскен... атанның қомында, аттың жалында бұла тірлік кешкен... тым болмағанда ешкімге кіріптар болмай-ақ қотанындағы қой-ешкісінің бауырынан нәпақа айырған... солай да солай болған, бар болған көшпендінің ұрпағымыз дейміз. Дейміз де... сол бабаңнан қалған байтақтан биттің терісіндей жер тимей, мал бақпақ тұрмақ жан бағудың өзі қиямет қайым Алматы дейтін алып шаһарда ғұмыр кешіп емес, күнелтіп жатар едік.

Қырық жыл тартылмаған диірменнің тасындай қарыңды талдырып, күшенгенде күре тамырың жарылардай мықшыңдап жүрген сондай күндердің бірінде Алматының шетіндегі мал базарына жолым түсті. Жұрт «котализатор» атайтын сол жерден қой алып соймақ ойда едім. Бардым. Таңдап жүрмін. Таңдап жүрмін дегенім сөз ғана. Үлкен қойдың көрімдеуі қымбатқа түспек. Арзандауы көтеремнің аз-ақ алдында. Не керек, құйрығы тегенедей болмаса да тіске басар қызылы бар қоңыр тоқты алдым. Алуын алғанмен тірілей үйге апара алмасыңды білетін сондағы қулар өздері сойып, мүшелеп беретін болды. Қосымша ақысын да төледім. Біреуі қасапханаға қарай артқы екі сирағынан дырылдата сүйреп ала жөнелді. Ердім соңынан. Алдымыздан пышағын жалаңдатып қолы күс-күс тағы бір қара қазақ шықты. Қасапханасы төбесі жабық темір қаша екен. Рельстен айқыш-ұйқыш мәтшә тастаған. Тоқты-торым тұрмақ құнан өгізді асып қойсаң да белі қайыспас түрі бар. Табанына дәл ортадағы шұқанаққа қарай еңкіштеу етіп тас төсеген. Бауыздауықтың қаны жылыстай ағып барып сол шұқанаққа құйылатын көрінеді. Ары қарай қайда кететіні бізге беймәлім. Төргі батыс жақ бұрыш бос екен. Менің тоқтымды екеуі сол бұрышқа апарып алып ұрды. Жануардың басын мұсылманшылық жөнімен құбылаға емес, қасапхана тәртібімен ортадағы шұңқырға бұрған қара қазақ қыл кеңірдектен орып жіберді. Ішімнен «бұйыртып жегізе көр, аллакпарды» айтып үлгендім, әйтеуір. Өзімше әжептәуір сойыс малысынып сатып алған қоңыр тоқтым қасқыр тартқан жетім лақтай қас пен көздің арасында саны сан, бұты бұт болды. Бұл уақта алқынып жеткен екі қатынның бірі кесілген басты үйтуге кіріскенде, екіншісі ішек-қарынды аударып алған. Біріншісі шала-шарпы үйтіліп, суық сумен бер рет шайылған басты қожалақ күйінде дорбама сүңгітті. Екіншісінің де қолы қолына жұқпайды екен. Шұбатылған ішекті бүйеннің түбінен шорт кесті де, былай қарай ауната салды. Сосын аударылған қарынды бетінде қорытылмаған қорда қалқыған кәтелдегі суға батырып-батырып алып, аз-маз сорғытқандай болып, оны да бастың қасына қосты. Шаруасы басынан асып жатса да ауыздары өсектен босамайтын табиғи қалыппен самбырлай сөйлескен екеуі ақыларын алып жөнеп берді...

Хош. «Тоқты сойсаң болады бір асым ет» дегендей түбі ғана бұлтиған қос дорбаны қомсына көтеріп мен де кете бардым. Бір жерде илектеліп тері қалды, бір жерде шұбатылған ішек қалды. Төрт сирақ та төрт жерде жатыр. Обалсынғанмен қайран жоқ. Көңге аунап қалған ішіктер болса болмаса «котализатордағы» көпек иттердің жемі. Ал анау төрт сирақ пен терісін... тастамағанмен қайда апарам?

«Қожаның мешітке барғаны да таңсық болып па» демекші, қазақтың қой сойғанын несіне ежіктеп отыр дерсіз. Дейтін жөніңіз бар. Еріккеннен ежіктеп отырмағанымыз және рас. Бұл маған дейін Алматының талай қазағына «қызыл қаптырған» базар. Менен кейін де талай жатақтың ақ адал малын іреп сойып, мүшелеп берген қасапхана. Демек, аз ғана сөз ауласына әкеліп мал соймақ тұрыпты, өзіңді отырсаң опақ, тұрсаң сопақ сезінгендей жатар орныңды әзер сайлап жүрген кең қаладағы таршылық туралы, таршылық тамақтан алып, балаққа жармасқанда ақтылы сыбағаңды амалсыз итке жем қылған шарасыз ысырапшылдық туралы болмақ.

Әкеміз дүниеден көшкенде басымыздың дымы кеппеген бала едік. Бізге қой союды үйреткен шешеміз болатын. Біресе мойынның бір омыртқасын басқа жіберіп, біресе асықты сираққа қояберіп, терін сыпырам дем шелін сыпырып алған кездер болған. Сондайда араласпайын десе адалдан сойған малының мылжаланып бара жатқанына іші ашып, араласайын десе ет жегіш ауыздардың қой бауыздай да білуін күйттеген шешеміз легендегі бауыздауықтың қанына сұқ саусағын көбесіне дейін батырып алып аузына салар еді. Адал ас адамнан бұрын итке бұйырмасын деген қисын бұл. Рас. Етті бұзып қазанға салғанша, қазаннан қарынға қотарылғанша қай заман. Оған дейін ауыл-үйдің қаңғыбас иттері күлге төгілген қан-жыннан қасық та қалдырмасы анық. Соның үшін де шешеміздің иесінен бұрын иті татса адал астың берекесі кетіп, кепиеті атады деп отырары жосықты дүние дер едік...

Жылап жүріп баққан, өсірген малының қылшығынан да шашау шығармайтын қазақ атаң баяғыда сойған қойдың боқ-жынынан басқасының бәрін азық қылатын. Ең бір дәмсіздеу деген ащы ішектің өзінен жөргем өріп, келін-кепсектің кеңірдегінен өткізіп жіберетін қазекем қылаяғы, соғым қойдың бауыздауық қанын таза тегенеге ағызып алып, ұйытып, сәрміс, бұрышпен тұздап, содан кейін ішекке салып шұжық жасаушы еді. Осы күнде таңсық ас (деликатес) көріп құрт-құмырысқа, бақа-шаян жеп жүрген бауырларымыз соны білер ме екен?

Қазақ атаң баяғыда төрт түлігім түгел тұрғанда тұқырарым жоқ деп күніне сойған бір қойының бір сирағын садақаға шығаратын. Қалған үшеуін үйтіп қазанға салады. Бала-шағаның сыбағасы. Қазір ауылдағыларды білмедік, ал қалада сойылған қойдың бір емес төрт сирағы да итжемеде қалатыны өтірік емес. Қалмаған күннің өзінде оны жейтін бала жоқ, қазір. Жазғандар сирақ тұрмақ құлақ жемейді. Қос уысың толғандай дәмді, майлы құлақ ұстатқанда тырнақ ұшымен ғана қыршып алып тыжырына шешесіне қараған баланы талай көргеміз. Сонда құлақ ұстатқандағы «жақсылық атаулыға құлағың түрік жүрсін» дейтін әдемі ырым қайда қалмақ?! Кейде жақсылық пен жамандықтың ортасынан сынық сүйем айырма таппай қалып, түзік жүруден көрі бұзық жүруге асық тұрары ниеттерінің «қабыл» болғанынан ба екен дейсіз.

Бұрынғының қисынымен бала көтремей жүрген келіншекке ұл тап деп ұлтабар асататын тілеуқор көңіл, бүгінгі озық мәдениетпен «сусындаған», жеткен, жетілген кейбір қазақтарға жабайылықтың шектен шыққан түрі болып көрінер еді. Ырымның да ығыр қылатын кезі болады. Десек те, мүскін көңілге медеу тұтар, үміт шақырар тәңіри тілектің өзі осы емес пе? Кепиет атқан... демей не дерсіз. Бұл күнде күйеуге тимеу күйлі жүрудің бір парасы. Қатын алмау да қалыпты кепке айналған. Жігіттердің иегі көктұқылданып, қыздар кексе тартқанша шаңырақ көтермеу, өзі болғанша өзеуреп жүріп алу... тұрмыс түзеудің төте жолы осы деседі. Рас болса рас шығар. Бірақ Жаратушының әрекетке қарай берекет етуге жазары да рас болса, санымыздың көбеймей тұрғаны тап осындай бойкүйездіктен екені даусыз. Қазақ көбейсе қазіргі ұлтымызды ділгір қылған біраз мәселе өздігінен шешіліп жатар еді. Асылық емес, ақиқат дүние. 

Осы төңіректегі тағы бір-екі кілтипан. Алматының жолдары шұрық тесік, байланыс желісі бірде бар, бірде жоқ әлдебір түнекті пұшпағына жедел жәрдем кешігіп барып, айы-күні жетіп отырған әйелі жетер жеріне жете алмай үйінде босанып қалған қазақтың арманы жоқ шығар. Шақалақтың кіндігін ет жақындары кеседі ғой, әйтеуір. Әйтпесе, қожайынынан бастап қолпылдақ гәлөш сүйреткен салпы етек еден жуушысына дейін өзге жұрттың өкілдерінен сайланған, мың жерден діні бір, тілі бір дегенмен ар жағы бірдеңе дәметіп тұратын ақ халаттыларға пара бермесең абзалдығы ұстамайтын перезентханаларда қазақтың кіндігін кімдер кеспей жатыр!..

Содан соң... осы күнде қарызға бала тауып беру деген шыққан. Бала керек, бірақ өзі тапқысы келмейтін, дұрысы Алласы аналық сезім, мейір дарытпаған келіншек күйеуінің қатыра суын құтыға құйып, тоғыз ай, он күннің бебеуін бастан өткеріп беруге ниет қылған екінші бір әйелге тапсырады. Еркектің бойынан құтыға, құтыдан жатырға, жатырдан жарық дүниеге... Әлбетте, заманауи озық технологияның, ең бастысы қыруар қаражаттың арқасында. Медицинадағы атауы «сурогачество». «Сурогатная мать». Соры қайнаған ана деп аударар едік, қазақшаға. Солай демегенде. Құрсақ өзінікі демесеңіз, құрсақтағының иесі басқалар. Әке-шешесі емес иесі... Рақымы түссе қас-қағымда құрсағына сәуле түсіретін жаратушының ғаламатынан ғылымның жетістігіне көбірек сенетін, иек артатындар... Демек Тәңірінің жебеуімен көк аспан, қара жер жаралғалы әйелге өзінен басқа ешкімнің қолынан келмейтін – өмірге адам әкелу құдіретін сыйлаған алтын құрсақ құрсақ емес, күл-қоқыс сататын дүңгіршек болып шықты деген сөз!

Албасты қабаққа қарай басады. Албастыда не жазық бар, қабақты беріп қойған өзің болған соң. Қабағыңа қарап бал ашып, қалған күніңе өзіңнен бұрын ізіңді тастап беріп, кері кетсең қолпаштап, ілгері бассаң шаужайыңа жармасып, қадамыңды қырыққан албастыда жазық жоқ, иә...          

 

Нұрлан ҚАБДАЙ

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары