Мен мұғалім болып жұмыс істеймін. Күнделікті балалардың мінез құлқын бақылаймын. Мен мектепке дейінгі даярлық тобында, үшінші сыныпта, алтыншы сыныпта да сабақ өтемін.
Бәрін де мұқият қадағалап жүремін. Барлығын да тәп-тәуір білетін сияқтымын. Бірі салмақты бала, бірі тым белсенді, үшіншісі өкпешіл, төртіншісі бір сұмдық. Бала көп. Әрбірі әр түрлі. Бірақ мен барлығын да жақсы көремін. Біреуі ауырып келмей қалса, сол бала бүгін жетіспей тұрады. Сағынып кетем оны.
Бүгін үшінші сыныбым маған қонаққа келді. Біз туған күн тойладық. Мереке кезінде бір балам бір қызды аяғымен теуіп жіберді. Қызды тез жұбатып, балалардың назарын ойынға бұрып жібердік. Тепкен бала диванға отырды да, сол күйі қозғалмады. Ұлды дереу басқа бөлмеге ертіп әкеттім. Екеуміз әр нәрсені әңгіме қылдық. Адамдар, қыздар туралы, әр адам әр түрлі болатыны хақында, ана мен әке жөнінде, кейде адамды түсіну қиын екендігіне де тоқталдық. Мен оны құшақтап, түскен көңілін көтермекке талпындым. Ол жылы сөзге жібіп, жылап қоя берді. Кіп-кішкентай қолдарымен көзінің жасын сүртіп отырып жаңағы қызға аяғы тигеніне өкініп жылады. Сол үшін өзін қатты кінәлап жылады. Ол ешқашан қыз балаға қолым тиеді деп ойламапты. Өзінен мұндайды күтпепті. Ал, мына қыз соған жеткізді. Шымбайына бататын сөздер айтып, ашуына тиді. Ол содан бір теуіпті.
Мен оны қаттырақ құшақтадым. Ол одан бетер жылады. Басынан сипап, сен жақсысың, сен өте кереметсің деп жұбатқансыдым. Ол басын шайқап, жоқ жаманмын дейді. Үйде әкесі сол үшін ұратынын айтты. Әкесі анасына да айтуға да тыйым салыпты. Анасы бұл туралы білмейді екен. Ал, бала әкесін жек көреді.
Біз ұзақ сырластық. Менде жылап алдым. Осы аптада оған екі қойғаным есіме түсті. Күнделікке екісін қойып беріп жатып жан дүнием шырқырап еді, қойма деп. Бірақ сонда да уәдемде тұру үшін қойған едім. Тақпақты жаттамай келгендерге еш себепке қарамай екі қоям деген ескертпем бар еді. Кішкентай ғана тақпақ. Бәрі жаттап келіпті. Тек осы бала ғана жаттамапты. Екісін қойып бердім. Ол үндемей, қоштаспастан шығып кеткен. Өзім артынан күйгелектеніп анасына қоңырау шалып ескерту жасағанмын. Ол бәрін түсінді. Артынан әкесі ұрыпты. Бүгін сол туралы маған айтты. Қасында отырып әбден жылап алдым. Сол екілік үшін кешірім сұрадым. Аяғымның астындағы жер қозғалып кеткендей болды.
Содан кейін торт жеп, көңілді отырдық. Сосын әкесінен «смс» келді. Ол тұрды да кетіп қалды. Тағы да қоштаспады. Құлағымда оның «әкемді жек көремін» деген сөзі ызыңдап тұр.
Ата-аналар! Баланың жанын жараламаңыздаршы! Не айтарымды да білмеймін сіздерге...
Анна Демидова
Аударған Шынар ӘБІЛДӘ