Биыл төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған қызметтің құрылғанына 22 жыл толып отыр. 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылған болатын. Осының негізінде 19 қазан Құтқарушылар күні болып белгіленген.
Құтқарушылар азаматтық қорғанысының негізгі міндеттерін, құрылуы мен жұмыс iстеуінің ұйымдастырушылық қағидаттарын, мемлекеттік материалдық резерв қалыптастыруды, сақтауды және пайдалануды, апаттық құтқару қызметтері мен құралымдарының ұйымдастырылуы мен қызметін айқындайды.
Айтулы күнге орай, Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің, Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің қызметкерлері мектеп оқушылары үшін техника, құтқару құралдары мен жабдығын көрсетіп ашық есік күнін ұйымдастырды.
Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары балаларға өрт сөндіру бөлімінің тарихы туралы қысқаша әңгіме баяндалды. Мұнан кейін бөлімшелерді аралау кезінде оқушылар өрт сөндірушілердің күнделікті өмірімен таныс болды.
- Осылайша қала аудандарының барлық мектеп оқушылары, соның ішінде Әуезов, Алатау, Наурызбай, Медеу аудандарының оқушылары қауіпсіздік сабағын үздік меңгерді. «Құтқарушылар күнін» мерекелеу қарсаңында өрт сөндірушілер оқушыларды қауіпсіз жерге көшіріп, көрнекті өрт тактикалық оқу-жаттығуын өткізді. Балалар өрт сөндіру көлігіне қанша су сиятынын және өрт кезінде бұл қордың неше уақытқа жететінін қызығушылықпен тыңдады, - дейді Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің маманы Сандуғаш Баймұхамбетова.
Ашық есік күні қарсаңында барлық тілек білдірушілер өрт сөндіру көліктеріне отырып көрді және суретке түсті. Балалар өрт сөндірушілердің жауынгерлік киімінің ерекшеліктері туралы көріп білді, құтқарушылар оны қалай дұрыс және тез кию керектігін көрсетті.
- Балалардың қуанышында шек болмады, олар жауынгерлік киімді киіп көру мүмкіндігіне ие болды. Кәсіби мерекеге орайластырылған іс-шаралар азаматтық қорғау қызметінің ерекшеліктері туралы ақпараттың кеңінен таралуы, өскелең ұрпақтың қауіпсіздік мәдениетін және жастардың кәсіби бағдарын дамыту үшін ұйымдастырылған, - дейді Садуғаш Амантайқызы.
Сондай-ақ, оның айтуынша, республикамыздың ешбір өңірінде жоқ, тек Алматы қаласында ғана бар биік саты мектеп оқушыларының қызығушылығын оятқан. Осылайша, «Құтқарушылар күні» қарсаңында алматылық оқушылар төтенше жағдайлардағы техникалар мен қауіпсіздік шараларымен жіті танысты.
Ақбота Мұсабекқызы