Осыдан бірер күн бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілінің латын графикасына көшуі туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Бұл ұзақ жылдар бойы талқыланып, талданған идеяның әбден пісіп жетілгенін көрсетті. Яғни, осыдан ондаған жыл бұрын Елбасының өзі ұсынған бастама қоғамда талқыланып, ғалымардың таразысына түсті.
Енді міне, тарихи сәте барша қазақстандық куә болып отыр. Бұл Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең маңызды реформалардың біріне айналары сөзсіз.
Елбасының осынау бастамасы бүгінде еліміздің жер-жерінде талқыланып, жаппай қолдау табуда. Мәселен, күні бүгін Алматыдағы «Ғылым ордасында» өткен алқалы жиында академик-ғалымдар Мемлекет басшысының осынау шешіміне қатысты өз пікірлерін айтып, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуін уақытылы жасалған реформа деп бағалады.
«Рухани жағыру: тұлғалар тағлымы» деген атаумен өткен дөңгелек үстелді Түркі академиясы халықаралық ұйымы ұйымдастырғанын айта кету керек.
Әбдуәли ҚАЙДАРОВ, академик:
− Отан соғысында бес жыл әскери міндетім мен азаматтық борышымды өтеп қайтқаннан кейін институтқа түсіп, одан аспирантураны бітірген соң бар саналы өмірім Қаныш Сәтбаев негізін қалаған осы Ұлттық ғылым академиясында өтті. Мен сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Түркия Сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен өткен Түркия, Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Түрікменстан ғалымдарының Анкарадағы конференциясына Қазақстанның делегациясын бастап барған едім. Сонда барша түрік халықтарына ортақ 34 әріптен тұратын латын әліпбиінің жобасына Қазақстан тарапынан қол қойып, қазақтың «ә» деген әрпін енгіздім. Конференциядан келгеннен кейін көп ұзамай «түркі елдері латын әліпбиін қабылдайтын болыпты» деген хабар алдық. Осы хатты алғаннан кейін Президентке ашық хат жазып, түркітілдес елдер ғалымдарының ұйғарымын жеткізген едім. Міне, сол уақыттағы арман-тілегіміз бүгін орындалып отыр.
Шора САРЫБАЕВ, академик:
− 1937 жылы алғаш мен мектеп табалдырығын аттаған кездері орыс мектептерінің көбейіп, қазақ мектептерінің біртіндеп жабылып жатқан кезі еді. Содан бері біз көп нәрсені жоғалтып алдық. Біраз нәрседен құр қалдық. Құндылықтарымыз құрбан болды. Тілімізді тұншықтырып, тынысын тарылтқан империялық саясаттың үстемдігіне іштей қапаландық. Бірақ «ештен кеш жақсы». Ахмет Байтұрсыновтың «Тіл өлсе, халықтың өзі де өледі» дейтін сөзі бар. Ең алдымен ана тіліміздің қадір-қасиетін көтерейік. Бар міндетім жастарды патриотизмге тәрбиелеу, қазақи мінезге баулу, қазақты сақтауға бағытталды. Сондықтан кейінгі ұрпағым тілін, жерін, отанын қадірлесе екен деймін.
Мұрат Жұрынов, Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик:
– Қазақ қоғамы әліпби мәселесін 1994 жылдан бері талқылап келеді, әбден пісірдік деп ойлаймын. Химия саласының маманы болсам да, тап осы мәселеге байланысты баспасөз бетінде менің де бірнеше мақалам шықты. Ол кезде қазақ-түрік университетінде жұмыс істеймін. Түркиядан, басқа да шет мемлекеттерден келген мамандар көп болды. Олар «біз кириллицаны білмейміз, сондықтан бізге латын әліпбиін жасап берсеңіздер, біз тезірек қазақ тілін меңгерер едік» деген өтінішін айтты. Сөйтіп университеттің ішінде ғана қолданылатын латын әліпбиін жасадық. Мамандармен бірлесіп, қазақ-түрік сөздігін жарыққа шығардық. Яғни латын әліпбиімен мен сол кезден бастап шұғылданып келемін. Ендігі әңгіме мынада: Президент Жарлығы шықты, енді тек қана орындау керек.
Меніңше, біздің нұсқа түркі елдері әліпбиі ішіндегі ең жақсы әліпби. Тілдің басты заңдылығы сақталған, компьютер қабылдайды, жеңіл. Сондықтан осы Жарлықты бәріміз қолдаймыз.