Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Сананың ашықтығы» тақырыбында Қазақстан халқы ассамблеясының IIІ халықаралық Медиа форумы өтті.
Іс-шараға ҚР Парламентінің депутаттары, ҚХА мүшелері, мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары, Германия, Латвия, Ресей, Өзбекстаннан шетелдік сарапшылар, масс-медиа саласындағы отандық сарапшылар, республикалық және өңірлік этномдени бірлестіктер, БАҚ басшылары, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессорлық оқытушылар құрамы, Алматы қаласы жоғары оқу орындары журналистика факультеттерінің студенттері қатысты.
– Форумның мақсаты – қоғамды жаңғырту және сананың ашықтығын қалыптастырудағы, ұлттық бірегейлікті нығайтудағы БАҚтың рөлін талқылау, кәсіптік әдеп, сондай-ақ көп этносты қоғам жағдайында масс-медиа мәдениетін дамыту мәселелері, - дейді ұйымдастырушылар.
Форумды ҚХА Төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Д.Мыңбай кіріспе сөз сөйлеп ашып, Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі А.Әжібаев, ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов құттықтау сөз айтты.
– Рухани жаңғыру идеясының аясында өткізіліп отырған жиынның «Сананың ашықтығы» деп аталуының мәні зор. Бұл ең алдымен, жетістікке жету жолы. Рухани жаңғыру ашық сана, ізгі оймен қатар жүреді. Елімізге шетелден келген сарапшылар көпұлтты мемлекет жағдайында журналистиканың қалай дамып отырғанын өз көзімен көріп, тәжірибе үйреніп, пайдалы ой түйіп отыр. Этносаралық мәселе өте нәзік, шетін мәселе болып есептеледі. Этнос туралы айтатын журналист ең алдымен этика нормалары туралы білуі тиіс. Бұл тақырып журналистен өте объективті болуды, жан-жақты зерттеп, зерделеп барып көтеруді талап етеді. Ұлт, ұлыс туралы идеялар, ұлтаралық қарым-қатынас мәселесін БАҚ бетінде көтерудің, жазудың, сараптаудың қыр-сыры, иірімдері осындай алаңдарда айтылып, талқыланады. Болашақ журналистерді даярлауда және оларға дұрыс бағыт-бағдар беруде тек студент жастар үшін ғана емес, кәсіби журналистерге де мұндай медиа форумдардың беретін пайдасы зор, - деді Дархан Мыңбай.
Журналистер қауымдастығының жұмылуының мысалы ретінде Төрағаның орынбасары Еуразиялық медиафорумды, таяуда құрылған Қазақстандық медиа Альянсты атады. Ол ҚХА этномәдени бірлестіктері шығаратын бұқаралық ақпарат құралдары бұл процестен тыс қалмайтынына сенім білдірді.
– Медиа форумның жалпы отырысы TEDx конференциясы форматында өтіп, шетелдік сарапшылар: Константин Шамбер (Германия), Кирилл Привалов пен Роберт Францев (Ресей), Владимир Решетов (Латвия), Гульнора Абдуназарова (Өзбекстан), сондай ақ белгілі отандық БАҚ өкілдері: Ерлан Игісінов, Арманжан Байтасов, Айгүл Мүкей, Өркен Кенжебек және Махаббат Есен спикерлер болды. Біз бәріне тыңғылықты дайындалдық, - дейді ұйымдастырушылар.
Форум аясында этномәдени бірлестіктері шығаратын бұқаралық ақпарат құралдарының көрмесі ұйымдастырылып, форум соңында Қазақстан халқы Ассамблеясының журналистика саласында жыл сайынғы «Шанырақ» шығармашылық конкурсының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау кеші өткізілді.
Ақбота Мұсабекқызы