$ 540  630.72  6.72

Ақтауда діни ағымдарға кіріп кеткен тұрғындар азан шақырып қойған аттарын өзгертіп жатыр

Бір ғана Ақтау қаласының өзінде жыл басынан бері 205 адам азан шақырып қойған атын өзгерткен. Бұл туралы "Қазақстан-Ақтау" телеарнасының тілшілері хабарлады.

Сарапшылардың мәліметінше, бұл азаматтардың шамамен 10 пайызы өз есімдеріне көңілдері толмай, заманауи есімдерді таңдаған екен. Ал, қалғандары діни көзқарастарына байланысты аттарын арабшаға өзгерткен. Сондай-ақ, шетелдікке тұрмысқа шыққан қыз-келіншектер де күйеулерінің қалауымен есімдерін ауыстырып, жеке куәліктерін алмастырып жатады.

"Бала 10 жасқа толғанша төлқұжаттағы есімін тегін өзгертуге болады. 16 жасқа толып, азамат жеке куәлік алғаннан кейін ол ХҚКО-ға өзі барып-ақ есімін өзгертуге байланысты өтініш қалдыра алады. Бұл процесс қазір біршама уақытты алады. Алайда, болашақта тек 2 сағатта ғана жұмысты бітіруге болады", - дейді Ақтау қалалық АХАЖ бөлімінің басшысы Айша Елемесова.

Қазір кейбір қазақстандықтар жаңа туған сәбилеріне ешқандай мән-мағынасы жоқ атаулар қоя бастаған дейді жергілікті имам-молдалар. Мәселен, жуырда ғана Астана тұрғыны баласына Бәйдібэкспо деген есім берген. Сондай-ақ, Саммит, Азиада секілді де атаулар кездеседі.

"Балаларына мән-мағынасы жоқ есім беру дұрыс емес. Сәннің соңынан қууға болмайды, балаға мағынасы бар, ертең өзі ұялмайтын ат қою керек", - дейді Маңғыстау облыстық Орталық мешітінің бас имамы Қ.Қамбарұлы.
АХАЖ бөлімінің мәліметінше, Ақтауда 2017 жылы 7 мың сәби дүниеге келіпті. Оларға ата-аналары көбінесе Әлихан, Дінмұхаммед, Раяна, Кәусар деп ат қойған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары