$ 498.34  519.72  4.85

Елбасы мақаласы рухани жаңғыруымыздың іргетасына айналмақ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тарихи еңбегі елімізде үлкен рухани серпіліс туғызғаны уақыт ақиқаты. Өйткені, Ұлт Көшбасшысының рухани жаңғыру идеясы ұлтымыздың тұтастығы мен мемлекетіміздің жарқын болашағына бағытталған құнды құжатқа айналып, барша қоғамға тың серпіліс әкеліп, үлкен деңгейде оң қоғамдық пікір қалыптастырды.

Ұлт қамын, ұрпақ келешегін тереңнен ойлаған Елбасы осынау маңызы зор, мәртебесі биік мақаласында «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деген болатын.

Қазақ жазуының латын графикасына негізделген әліпбиге көшуі – елімізді рухани жаңғыртудың басты өзегі болмақ. Ағартушы, педагог – ғалым А.Байтұрсынұлы: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген екен. Сондықтан, тілдің басты таңбасы – жазу десек, әліпбиді таңдау – ұлт болашағын таңдау екені белгілі.

Бірқатар деректер көрсеткендей, дүниежүзінде ең ірі ауқатты экономикасы бар 30 мемлекеттің 22-де, ал 10 жетекші экономикасы бар мемлекеттердің 7-де, ішкі жалпы өнімі жан басына шаққанда ең жоғары деңгейдегі 20-дан аса қуатты елдердің 18-ін, бизнес жүргізуге қолайлы 30 мемлекеттің 25-інде латын қарпі пайдаланылады екен.

Мемлекет басшысы Ақордада мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру жөніндегі жобаны іске асыру үшін құрылған жұмыс тобының мүшелерімен кездесіп, түрлі ұсыныс-пікірлерді ескере отырып, белсенді талқылаудан кейін қайта дайындалған 32 әріптен тұратын жаңа әліпби нұсқасының көңілден шығатынын айтты. Жарлыққа қол қойып, ендігі жерде іске көшу керектігіне баса назар аударды. «Әлемде ешбір ел өзінің жаңа әліпбиін бүкіл халық болып осылайша талқылаған емес. Біз үшін әрбір адамның пікірін білу маңызды. Сонымен бірге қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру үдерісіне қатысты ақпараттық түсіндіру жұмыстарын әрі қарай жалғастыру қажет» деді Елбасы. Айта кету керек, алдыңғы Парламенттік тыңдауда ұсынылған жобадан айырмашылығы: жаңа әліпбиде диграфтар қолданылмайды. «Бір таңба – бір дыбыс» қағидасына сүйенгені бізді қуантты.

Ендігі міндет – халық арасында дұрыс түсіндіріп, ұғынықты жеткізу. Осы мақсатта облыста бекітілген желілік кестеге сәйкес жыл соңына дейін 1019 іс-шара өткізу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 587 іс-шара өткізілсе, оның 84-і облыстық деңгейде өткізілді. Бұған дейін бұл шаралар талқылау форматында өтсе, қазіргі кезде таныстыру, түсіндіру, қолдау бағытында ұйымдастырылуда.

Қазіргі таңда латын әліпбиіне көшу мәселесі бойынша басқарма тарапынан 3 әлеуметтік жоба әзірленіп, жүзеге асырылуда. «Облыс тұрғындары арасында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу» әлеуметтік жобасының аясында Қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру жөніндегі республикалық жұмысшы тобының мүшелері мен осы мәселеге жауапты мамандар 11 қазан – 10 қараша аралығында барлық аудандар мен облыс орталығында «Латын әліпбиі – бірегейлік пен жаңғыру негізі» тақырыбында халықпен кездесулер өткізіп, «Латын әрпіне көшу – жаңғыруымыздың жаңа кезеңі» атты дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.

Елбасының үстіміздегі жылдың 26 қазанындағы «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» №569 Жарлығы қабылданғалы бері облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен 24 түрлі іс-шара өткізілді.

Қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі жаңа ұлттық әліпбиге көшіру жөніндегі республикалық жұмысшы тобының мүшелері А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек Байзақ, Жуалы, Т.Рысқұлов аудандары мен Тараз қаласында, С.Демирел атындағы университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Құралай Күдеринова Қордай, Мойынқұм, Шу аудандарында, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі Нәзира Әміржанова Жамбыл, Сарысу, Талас аудандарында «Облыс тұрғындары арасында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу» тақырыбындағы мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс шеңберiнде «Латын әліпбиі – бірегейлік пен жаңғыру негізі» атты кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Ал, «Мемлекеттік тіл – менің тілім» жастар десанты ақпараттық тобын құру және жұмысын ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы аясында Тараз қаласы мен барлық аудандарда «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты акция, «Латын әліпбиіне көшу – мемлекеттік тіліміз үшін жасалған игі қадам», «Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің кепілі», «Латын әліпбиіне көшу – рухани жаңғырудың іргетасы», «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік тірегі» атты кездесулер өткізілуде. Сондай-ақ, «Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын насихаттауға бағытталған ақпараттық түсіндіру іс-шараларын ұйымдастыру» (TED лекция) әлеуметтік жобасы аясында Қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі жаңа ұлттық әліпбиге көшіру жөніндегі республикалық жұмысшы тобының мүшелері мен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының осы мәселемен айналысатын жауапты ғалымдары, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшелері, филология ғылымдары докторларының ТЕD лекция оқулары ұйымдастырылуда. Алдағы уақытта да басқарма жаңа әліпби бойынша таныстыру, түсіндіру, оқыту негізінде жүйелі жоспарлар құрып, бұл тұрғыдағы жұмыстарды жандандыра түседі.

Сұлушаш ҚҰРМАНБЕКОВА,
Жамбыл облысы әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары