Жамбыл облысында мемлекеттік жастар саясатын қаржыландыру көлемі жыл санап артып келеді. Оған биыл 571,5 млн теңге қаржы қарастырылды. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы мәлімдеді.
Айта кету керек, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға ағымдағы жылы 21,1 млн теңге 17 бағытты қамтитын әлеуметтік маңызы бар жобаларға жұмсалды. Сол сияқты Тараз қаласы мен аудандарда 13,4 млн теңгеге 25 бағытта жұмыстар жүргізілді.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру басқарманың ұдайы назарында. Бұған қатысты 5 жылға арналған ұзақ мерзімді жоспар әзірленіп, жалпы саны 35 іс-шара енгізілді. Бүгінгі таңда облыстағы 12 жастар ресурстық орталығында 284 маман жұмыс істейді. Жыл басынан бері олардың тарапынан 8 мыңнан астам адамға кеңестер берілген. Сондай-ақ, басқарманың негізгі бағыттарының бірі - жастарды жұмыспен қамту. Аталған бағытта бірқатар шаралар атқарылып, жұмыссыздық деңгейі 4,3 пайызды құрап отыр.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында ағымдағы жылы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 29 жасқа дейінгі 14 378 жас тартылды. Одан бөлек, жастарды маусымдық жұмыспен қамту мақсатында ағымдағы жылы республикалық трансферт есебінен Тараз қаласы мен аудандарда «Жасыл ел» еңбек жасағындағы 875 жасты уақытша еңбекпен қамтуға 44 млн теңге қаржы қаралды. Басқарманың ұйымдастыруымен жоғары және арнаулы оқу орындарындағы 145 студент Тараз қаласы мен аудандардағы құрылыс нысандарында жұмыс атқарды. Одан бөлек, жергілікті жерлердегі 28 құрылыс, күрделі жөндеу жұмыстарында 208 жас еңбек етті», - деп мәлімдеді Жамбыл облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен брифинг барысында.
Осы ретте айта кету керек, Мемлекет басшысының өзі жастар саясатына ерекше көңіл бөліп, әр жыл сайынғы жолдауларында өскелең ұрпаққа үлкен үміт артатынын жеткізеді жеткізеді. Сондықтан жастар саясаты саласын білім беру мен ішкі саясат салаларынан бөліп алып, жеке өзін дамытуға үкімет күш салып отыр. Бірер жыл бұрын әр облыста Жастар саясаты басқармалары құрылғаны өз алдына, елде жастардың проблемаларымен айналысатын ұйымдар көптеп пайда болды. Мұның барлығы мемлекеттің жастардың болашағына үлкен сенім артып отырғанының белгісі.