Бүгін Алматы қалалық Қоғамдық кеңесінің ұйымдастыруымен шаһардағы туризмді дамыту мәселелері туралы қоғамдық тыңдаулар өтті. Жиынға қатысқан сарапшылар мегаполистің экономикасындағы туризмнің нақты үлесі жайында айтты.
Қоғамдық кеңес отырысында сөз алған қалалық Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Жайлаубай туризм саласының қала экономикасына қосып келе жатқан үлесі айтарлықтай жоғары емес екенін мойындады.
– Егер қарапайым сандарды сөйлетсек, туризмнің қаланың жалпы ішкі өніміне қосқан үлесі 1,5% ғана құрайды. Ал, республикалық туризм елдің ЖІӨ-нің 1% ғана құрап келеді. Ал, әлемдік деңгейде бұл көрсеткіш 10 пайызды құрайды. Өткен жылы бүкіл әлемде 1,2 млрд. адам шетелге саяхаттаған. Егер біз осындай сандарды алып қарайтын болсақ, онда әлі де өте көп жұмыс істеуіміз керектігін түсінеміз. 2016 жылы Қазақстанға 6 миллион шетелдік азамат келді, Алматыда 400 мың шетелдік бар. Бірақ ресми деректер бойынша, олардың ішінде тек 56 мыңы ғана туристер, - деп мәлімдеді Ерлан Жайлаубай.
Оның айтуынша, бүгінгі күні Алматыға Ресей, Иран, Қытай және Үндістаннан туристерді тарту жоспарланып отыр екен. Алайда, шетелдіктердің көбі Алматыға арнайы келмейтін көрінеді. Яғни, олар осынау шаһарға Орталық Азияға жасаған саяхаттары барысында кездейсоқ соғып жатады екен.
– Біз Tripadvisor ұсынған талдауды зерттедік, олар 20 мыңға жуық адамнан тұратын сауалнама жүргізіпті. Одан ұққанымыз, шетелдіктердің Орта Азияға деген қызығушылығы төмен. Қазір енді біз Дүниежүзілік туристік ұйыммен бірге «Жібек жолы» туристік бағдарламаларын әзірлеп жатырмыз. Туристік маршрут Алматыда басталып, Алматыда аяқталады. Экспедиция барысында туристер Өзбекстан мен Қырғызстанның қалаларына барады. Мұндай жұмыс халықаралық сарапшылармен бірлесіп жүргізіледі, - деді Ерлан Жайлаубай.
Сондай-ақ, Басқарма басшысы Алматының шетелдік туристер үшін несімен тартымды болатынын атап өтті.
«Біріншіден, Алматының табиғаты керемет. Екіншіден, мұнда ЮНЕСКО қорғауындағы нысандар бар. Үшіншіден, Жібек жолының бойында орналасқан. Төртіншіден, гастрономиялық туризм қалыптасқан. Яғни, әлемдің тағамдардың сан-алуан түрі әзірленеді және барлығы да туристер үшін қолжетімді бағада. Сонымен қатар, Алматыда туристерді қызықтыратындай шығармашылық театрлар мен мәдени бірлестіктер бар. Көптеген халықаралық конференциялар өтіп жатыр. Өткен жылы Қазақстанға келген шетелдік туристердің әр екіншісі Алматыға соққан. Біз оларға та туризм мен медициналық туризмді ұсына аламыз. Қазір осынау екі саланы жаңа деңгейге шығару үшін жұмыс істеп жатырмыз», - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылы Алматыға шетелге шығуға қанша қаржы бөлінгені белгілі болған. Елдің оң беделін, оның ішінде туристік имиджді қалыптастыру және шетелге тартымды туристік бағыт ретінде Алматы қаласын насихаттау үшін 2017 жылы 122,9 млн. теңге бөлінген еді.
Осы ретте айта кетейік, Мемлекет басшысы үкіметке Қазақстандағы туризм саласын экономикалық дамудың басым бағыттарының біріне айналдыруды тапсырған болатын. Өзінің «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында Елбасы бұл туралы бір емес бірнеше мәрте атап өткен. Мәселен, 57-қадамда Президент Қазақстанға туристік кластерлерді дамытуда үздік тәжірибесі бар инвесторларды тартуды, 86-қадамда «Алматы - Қазақстанның еркін мәдени аймағы» деген атаумен өңірлік мәдени-туристік кластерін құруды тапсырды.
Ақбота Мұсабекқызы