$ 498.55  524.28  4.75

«Сәләфизм» ағымының психологиялық портреті

Дін – адамзат баласын бірлікке, бейбітшілікке, татулыққа шақыратын құрал. Себебі, бірлік бар жерде – береке, бейбітшілік бар жерде – тыныштық, татулық бар жерде – достық қатынас беки түседі.

Ел бірлігі мен мемлекет қауіпсіздігіне зиян келтіретін ағымдардың жетегіне кетіп қалмау шараларына баршамыз атсалысуымыз қажет. Діни білімге сусаған кезде, бір мәселеге тап болған сәтте әркімге жүгінбей, арнайы дінтанушы-теолог мамандардан, мешітке барып имамдарымыздан ақыл сұрағанымыз абзал.

Елімізде дәстүрлі емес діндер атауына ие болған көптеген дәстүрлі емес діни ұйымдардың үгіт-насихатына жұмыссыздар, өмірден өз орнын таппағандар, рухани ізденісте жүргендер, жеке басы және отбасындағы психологиялық қиындықтарға төзе алмағандар, дәстүрлі дінді терең білмейтіндер, әсіресе, жастар тез ілігеді.

Дегенмен, жыл өткен сайын халқымыздың діни тұрғыдан сауаттылық деңгейі біршама көтеріліп келеді. Қазіргі таңда біздің облысымыздағы секілді орталықтар республика көлемінде қарқынды жұмыстар жүргізуде.

«Білім» мәдени-оқыту орталығының директоры, сарапшы-саясаттанушы Р.Иржановтың мәлімітіне сүйенсек елімізде соңғы 5-6 жылдың көлемінде 14 террористік іс-әрекет орын алып, жалпы 90 адам қайтыс болған. Ал, 2016 жылғы Ақтөбе облысы мен Алматы қаласындағы болған оқиғалардан 27 адам қайтыс болған болса, олардың арасында 18 террорист пен 4 құқық қорғау органдары және 5 бейбіт тұрғын құрбан болған.

Бұл оқиғалардың барлығында да біз қоғамда көріп жүрген ұзын, ретсіз сақал қойып, балақтарын тобықтан жоғары етіп қысқартып алған жалпақ тілде «сәләфи» деп атап кеткен дін ұстанушылардың әсері бар. Енді бұлар кімдер? Қайдан келген? Ұстанған мақсаттары қандай? Оларды қалай ажыратамыз? Қалай сақтануға болады? – деген сұрақтарға жауап беруге тырысып көрелік.

Бұл сұраққа келмес алдын, жалпы «Салафия» дегеніміз не? Соған тоқталып, оның мән-мағынансын түсініп алғанымыз жөн болар. Өйткені барлық ағымдарға ортақ бір қағида бар. Ол да жақсы ұранның астында жымысқы ойларын жүзеге асыру болып табылады. 

Ислам терминологиясында «ас-Салаф ас-Солих» деген термин бар. Бұл туралы ислам энциклопедиясынан көре аласыз. Бұл терминнің шығуына себеп болған мынадай хадис бар. Пайғамбарымыз (с.а.с) былай деген: «Ең жақсы ғасырлар: менің ғасырым, сосын одан кейін келетіндер (ғасыры), сосын олардың соңынан келетіндер (ғасыры) жақсы». Міне осы ғасырға «Аср ас-Сағадат» делінеді. Ал осы ғасырда өмір сүргендер абзал адамдарға «ас-Салаф ас-Солих» делінеді. Олар: Пайғамбарымызбен бірге өмір сүрген сахабалар, олардың ізіне ерген табиғиндер және оларға ерген атбаға табиғиндер болып табылады. 

Міне осы қасиетті ұғымды өздеріне ұран етіп алған, заманауй салафиттер бар. Бірақ бұлардың айтқан сөздері ғана болмаса, амалдарын көріп, шынайы салафилерге еш қатысы жоқ екенін байқайсыз. 

Жалпы діннен еш хабары болмаған қарапайым қатардағы жастардың дінге бетбұруына ықпал ететін факторлар бар. Солардың бірі әрі бірегейі ол әлбетте интернет, ондағы әлеуметтік желілер, қауымдастықтар болып табылады. Ата-анасының немесе имамдардың ықпалымен дінге бетбұрушылар да жоқ емес әрине, бірақ өте аз. Өйткені ата-ананың балаға рухани тәрбие беруге уақыты да қаухары да жоқ. Жастардың рухани сұранысын қанағаттандыратын негізгі құрал, әрі ұстаз «Интернет» болып шыға келеді. Ал өз беттерінше ілім алған жастардың дәстүрлі емес діни ағамдардың жетегінде кету ықпалы басым.

Дәстүрлі емес діни ағымның ықпалына түскен азаматтардың тұлғасындағы өзгерістер төмендегідей: 

1. Сөздеріндегі өзгерістер: Күнделікті қолданыстағы сөздерді араб терминдерімен ауыстыра бастайды. Әсіресе «Ахи», «Ухти», «Джазака Аллаһума хайран», «Джахил», «Мушрик», «Мунафиқ», «Бидғат», «Харам», «Аузубиллаһ», «Әстағфируллаһ» деген сөздерді өте жиі естейтін боласыз. Бұлардың бірқатары діни термендер болса, ал енді бірі күнделікті қолданыстағы қарапайым сөздер (Бауыр, қарындас).

2. Атын өзгерту: Өзінің негізгі атынан бөлек «куня» яғни лақаб аттар ала бастайды. «Абдуллаһ», «Сейфуллаһ», «Халид», «Хамза», «Салахаддин» т.б.. Бұл аттардың барлығы ислам тарихандағы қаһарман қолбасшылардың аттары болып табылады. Алғашында бұл есімдер оларды өжет, қайсар әрі батыл болуға себеп болса. Кейіннен заңсыз әрекеттерді жүзеге асыру барысында ешкім танып қоймасын (әсіресе құқық қорғау органдары) деген мақсаттағы бір құралға айналады. Бұл да өзін жасырудың (канспирация) бір түрі.

3. Киімдерін өзгерту: Спорттық немесе әскери киімдерге әуес болу. Шалбардың балақтарын қысқарту, егер спорттық болса балақтарды бүру, үнемі ақ шұлықтар кию. Кең және суреті, жазуы болмаған киімдер кию, Сауд Арабиясының киімдеріне әуестігі арту, қыз болса қара түсті жамылғылар немесе абая кию т.с.с.

4. Музыкадан бас тарту: Рок, Поп, Джаз секілді музыкаларды қоспағанда дәстүрлі, патриоттық әндердің өзін тыңтауды харамға шығарады. Әйелдер ән айтатын жерлерден кетіп қалады. Тек «Нашидтер» (Ешқандай музыкалық аспапсыз айтылатын діни әуендер) тыңдайды. Кейбіреулері оданда бас тартады.

5. Намаздағы өзгерістер: Егер бала намаз оқымаса, онда намаз бастайды. Ал оқитын болса, онда үстіне намаздарды көбейте бастайды. Фарз намаздардан басқа нәпіл намаздарды да өте ұзақ әрі тастамай оқитын болады. Намаздарды Ханафи мәзһабымен емес аяқтарын талтайтып, қолдарын көкіректеріне байлап басқаша оқиды. Әйел және еркек намаздарының айырмашылығы болмайды. Егер жамағатпен оқылатын намаздар болса «Әмин» дұғасын дауыстап, айғайлап айтады. Кей жағдайларда жұма намаздарына мешітке бармайды. Себебі «Мешіттер адал ақшаға салынбаған, ондағы имамның ақидасы дұрыс емес, оларға ұюға болмайды» деген қарсылық пікірлерді ашық айтады.

6. Мінездегі өзгеріс: Отбасы мүшелерімен қарым қатынасы бұзылады. Алғашқы уақытта кезкелген нәрсе үшін сөз таластыратып, тез ашуланатын болады. Уақыт өте келе тұйықтық басып, ешнәрсеге зауқы болмай, ашылып сөйлеспейтін болады. Туған туыстармен қатынасын үзе бастайды. Туыстары арасында мемлекеттік, құқық қорғау органдарында қызмет жасайтын болса олармен мүлде араласпайды. Соңында барлық әрекеттерін жасырып, өзі намаз оқып жүрсе де жалған сөйлей бастағанын байқайсыз. Компьютер, телефондарына кодтар қойып, рұқсатсыз тисеңіз қатты ашуланып дөрекі сөздер айтуға дейін баруы мүмкін. Бұл радикалданудың орта кезеңі болып табылады.

7. Джиһад: Ислам дінінің мәні, ең асыл мақсаты ол джиһад деген түсінікке жетеді. Оған ислам тек джиһаттан тұран болып көрінеді. Тек джиһад тақырыбы ғана қызықтырып, жүрген жерінде сол терминді издей беретін болады. Оның «Бұл өмірдің мәні жоқ», «Шынайы өмірге дайындалу керек» деген сөздерін байқайсыз. Бұл жастардың психологиялық ауытқуға түсуіне себеп болатын факторлардан бірі. Оның соңы суйцидпен аяқталуы мүмкін. Өйткені дәстүрлі дінді үйрету методикасында алғашқы дінге келген адамның жүйке жүйесінде ауытқулар болмас үшін О дүниені емес Бұ дүниенің мәні мен мағынасын түсінуді үйретеді.

8. Оқитын мәшһүр әдебиеттері мен тыңдайтын мәшһүр ұстаздары: Шартты түрде оқытылатын кітаптар төмендегідей: «Үш негіз», біздің елімізде тыйым салынған діни әдебиет, «Төрт қағида», «Күмәннан тазару», «Таухид кітабы» (авт. Мухаммад ибн Абдалуаһаб ат-Тамами), «Описание молитвы пророка», «Ислам ақидасы бойынша 200 сұрақ» (авт. Шейх Хафиз Ахмад әл-Хакәми.)Қосымша оқылатын әдебиеттер: Егер құран аудармасын оқыса тек Абдурахман ас-Саадидің тафсрі. Бухари және Муслим сахихтерін шархсыз (түсіндірмесісіз) немес өз ұстаздарының түсіндірмелерін оқиды. Мысалға Имам Науауидің «Сады праведных» атты ислам әлеміне танымал хадистер жинағы бар. Бірақ олар оның «Проверенный (с тахкиком) шейхам аль-Албани» деген түрін ғана оқиды.

Сондай-ақ, атақты тыңдайтын шейхтары: ал-Албани, ибн Баз, шейх Усаймин, шейх Фаузан т.с.с.

9. Ақпараттық алаңының өзгеру: Телевизор, радио, газет, журнал секілді ақпарат көздерін қарауды қояды. Тек интернет алдында өз ұстаздарының діни уағыздардын тыңдап, ислам әлеміндегі болып жатқан қарулы қақтығыстардың видеоларын қарап, оған қатысты жазылған пікірлерін оқумен күнін өткізеді. «Олар сендерді адастырады немесе жүректеріңе күмән салады» деген жалаумен басқа дәстүрлі бағыттағы ұстаздардан немесе дәстүрлі ақпарат көздерінен діни білім алуға тыйым салынады.

Бұл жоғарыда айтып кеткеніміздей мұсылман үмметін өз ішінен ыдыратуға арналған ұзақ мерзімді идеологиялық бағдарлама болып табылады. Негізгі мақсат, өскелең ұрпақты орта буынға қарсы қою арқылы қоғамда бейберекетсіздік орнату және бітпес талас-тартыс алаңына айналдыру. 

Біз үшін әрбір шаңырақтың түтінінің түзу ұшқаны маңызды. Қоғам мен ел алдындағы азаматтық һәм адамдық борышымызды өтеп, ел игілігіне қызмет ету. «Өткен күн тарих, келер күн жұмбақ, біз осы сәтте өмір сүріп жатқанымыз үшін бүгінгі күн қымбат» - деген екен Қорқыт бабамыз.

Келер ұрпағымыздың болашағы мен жарқын келешегі үшін қоғамдағы діни тұрақтылықты қамтамасыз ету маңызды. Себебі, білім, ғылым, денсаулық, экономика бәрі-бәрі де тек бейбіт күнде ғана дамымақ. Біз барша қазақстандықтарды осы бағытта еңбек етуге шақырамыз.

Медет Халықов,
ОҚО «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің дінтанушы маманы.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары