$ 499.51  525.83  4.62

Соңғы 13 жылда ОҚО-ның 15 мың жасы «Жасыл ел» бағдарламасына атсалысқан

Биыл «Жасыл ел» жастар еңбек қозғалысының құрылғанына 13 жылға жуықтады. Осы уақыт аралығында аталған бағдарлама елімізді көгалдандыру мен тазалығын сақтауға, жас ұрпақ бойына патриоттық және экологиялық тәрбие беріп, елдегі жұмыссыздық көлемін азайтуға үлкен үлесін қосты. Тіпті, осы қозғалыстың сапында жүріп өмірлік жан-жарын жолықтырған жастар да бар.

«Жасыл ел» қатары жыл сайын жаңа мүшелермен толығып келе жатқаны да белгілі. Жоғары оқу орнын бітіргендер қозғалыс құрамынан шығып, үлкен өмірге қадам басса, олардың орнын бірден бірнеше жас азамат басып келеді.

Қозғалыстың ең көп мүшесі Оңтүстік Қазақстан облысында тіркелгенін айта кету керек. Соңғы 13 жылда «Жасыл елдің» қатарына 15 мың оңтүстікқазақстандық жас өтіп, өңірдің өсіп-өркендеуіне, жасыл желекке айналуына өз үлестерін қосқан. Бұл туралы бүгін Шымкенттегі өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Жастар сасаты жөніндегі басқарма басшысы Балмаржан Нарбекова мәлімдеді. Баспасөз мәжілісінде ол өңірдегі жалпы жастар мәселелері туралы, басқарманың атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндады.

«Оңтүстік Қазақстан облысында «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жыл сайын 1000-нан аса жас жазғы еңбек лагерлеріне тартылса, жалпы 13 жыл ішінде 15 мыңға жуық жас атсалысқан. 2017 жылы республикалық бюджеттен «Жасыл ел» бағдарламасына 63,1 млн. теңге қаржы бөлінген», - деді басқарма басшысы. 

Оның айтуынша, облыстағы жастардың саны 750 мыңға жуық адамды құрайды. Бұл облыс халқының жалпы санынан 26 пайызы екен. Айта кетерлігі, биыл облыстан 1100-ден астам жас азамат әскерге аттанған. Ал жазғы студенттік құрылыс отрядтарына барлығы 424 жас тартылып отыр.

«Бүгінгі таңда облыс бойынша 4 мыңнан астам ерікті жастар бар. Олардың қатысуымен жыл басынан бері 500-ден астам қайырымдылық іс-шаралар, ақпараттық түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, облыстағы 12 жоғары оқу орындарының 6-да кәсіптік және өндірістік білім беру мамандықтарында оқитын 1106 студент облыстағы кәсіпорындар мен мен зауыт-фабрикаларда өндірістік тәжірибеден өтті», - деді Балмаржан Нарбекова.

Бұдан өзге, түстік өңірдің ерікті жастары ЭКСПО қалашығында ұйымдастырылған байқаулар мен жарыстарда алдыңғы орындарды иеленсе, Қарағанды облысында өткен Республикалық Ерікті жастар слетынде командалық есепте Оңтүстік ерікті жастары бас жүлдені жеңіп алған. Облыс бойынша жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін 5356 спорт ғимараты бар. Аталған спорттық нысандарда 210 мыңнан астам жас спортпен шұғылдануда.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында басқарма тарапынан жастар арасында ұмыт бола бастаған ұлттық спорт ойындарын насихаттау мақсатында асық, тоғызқұмамалақ сынды ойын түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып келеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары