$ 499.51  525.83  4.62

ОҚО-да жастар арасындағы қылмыс саны айтарлықтай төмендеген

Оңтүстік Қазақстан облысында жастармен жүргізіліп жатқан тәрбие жұмыстары соңғы бірер жылда айтарлықтай нәтижесін беріп келеді. Аймақта жастар мен жасөспірімдер қолымен жасалған қылмыс және құқықбұзушылықтар саны төмендеп отыр. Бұл ішкі істер органдары мен прокуратура органдары өкілдерінен, идеологияға жауапты мамандардан құралған топтардың мектептер мен жоғары оқу орындарында жүргізген жұмыстарының жемісі. Өңірде жастар мен жасөспірімдер арасында түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізіп келеді.

Бұл туралы бүгін Шымкенттегі өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы Балмаржан Нарбекова мәлімдеді. Оның айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында жастар қылмысы 307 оқиғаға азайған. Мұндай оң нәтижеге қол жеткізуге «Жас сақшы» және «Жас полиция көмекшілері», «Айбын» жобалары мен мекенжайлық көмек көрсету жұмыстары да ықпалын тигізіп отыр дейді ол.

Жастарды қылмысқа баруға итермелейтін бірден-бір фактор – жұмыссыздық. Бүгінде бұл проблеманы шешу үшін тек облыста ғана емес, республика аумағында көптеген жобалар қолға алынған. Бұдан бөлек, жоғары оқу орнына түсе алмаған жастардың проблемасын шешу үшін және дарынды жастарды солтүстік өңірлерге тарту үшін құрылған «Серпін-2050» бағдарламасы да өзінің оң нәтижесін беріп келеді.

Басқарма басшысының айтуынша, «Серпін-2050» жобасы аясында солтүстік аймақтардағы жоғары оқу орындарында 6500-ге жуық жас білім алуда. Ал, колледждерде түстік өңірден 1000-нан астам студент оқып жатыр. Жалпы 4 жылда бағдарлама бойынша жоғары оқу орындарына оқуға қабылданған студенттердің 50 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысының жастарына тиесілі.  Сондай-ақ, «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен 2017 жылы 800-ден астам маманға жолдама берілген. Ал оның ішінде 300-ге жуық жас тұрғын үймен қамтамасыз етіліп отыр. Облыста «Жастар практикасы» бағдарламасы да өз жалғасын тауып келеді.

«Жастар практикасы» бағдарламасына 2017 жылдың 10 айдың қорытындысы бойынша 5294 жас тартылып, өткен жылмен салыстырғанда 159 адамға өсті. Сондай-ақ, 2017-2020 жылдарға арналған өңірлік іс-шаралар жоспары ұдайы орындалып келеді. Мәселен, «Өлкетану» бағдарламасы аясында маусым-қыркүйек айларында облыстағы тарихи-мәдени орындарға жастардың экскурсиялары ұйымдастырылып, оған 5 мыңнан астам жас қатысты. Сонымен қатар, өңірдегі жазғы лагерьлерге жалпы саны 247,6 мыңнан астам жас барған», - деді Балмаржан Нарбекова.

Сонымен қатар, жастардың интеллектуалдық, патриоттық қасиеттерін арттыру мақсатында жергілікті телеарналардан бірнеше тележобалар ұйымдастырылып отыр.

Яғни, өңірде жұмыссыздықпен күрес күшейген сайын, бос жүрген жастар саны азайған, тиісінше қылмыс көрсеткіші де төмендеп отыр. Б.Нарбекова мұнымен шектеліп қалмай, жастар мен жасөспірімдер арасында түсіндіру жұмыстарының одан әрі де жалғаса беретінін мәлімдеп, қылмыс деңгейін мүлдем төмендетуге уәдесін берді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары