$ 498.34  519.72  4.85

Алматыда жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны азайып келеді

Таяуда Алматы қаласы Бостандық ауда­нын­дағы №146 мектеп-лицейде аудандық кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқы­ғын қорғау жөніндегі комиссия кеңесінің кезекті отырысы өтті. Оған аудандағы кәме­лет­ке толмағандар мен әйелдерді отбасылық-демографиялық саясатта қорғау ісі бойынша комиссиясының бас инспек­торы Назира Тоғыз­­баева, аудан прокурорының орынбасары Талғат Уражанов, ауданның мектеп дирек­тор­лары мен тәрбие ісі жөніндегі орынба­сар­лары, медициналық орталықтардың бас дәрі­герлері мен балабақшалар меңгерушілері қатысты.

Жиынның басты мақсаты – жастар арасын­да орын алатын қылмыстың алдын-алу, жастар нашақорлығы, сондай-ақ, мек­теп оқушылары арасында болатын ерте жүк­тілік және өзіне-өзі қол жұмсау секілді бала­лар мен жастар арасында кездесетін қайғы­лы оқиғаларды жою болып табылады. Бұл ретте отбасы, мектеп, мемле­кеттік меке­мелер және құқық қорғау органда­рының бірлесе жұмыс жасауының маңызды­лығы атап өтілді. Осыған байланысты аудан бойынша біршама жұмыстар жасалды. Мысалы, нормативті-құқықтық база қайта қаралып, алдын-алу жұмыстары негізінде дөңгелек үстелдер, семинарлар мен конфе­рен­циялар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, жоспарға сәйкес Бостандық ауданы әкімшілігінің кәмелетке толмағандармен жұмыс жөніндегі комиссияның отырысы өтіп тұрады. Онда жастар мен балаларды зор­лық-зомбылықтан қорғау, оларды қылмыс пен құқықбұзушы­лықтың қандай нәтиже­лерге ұрындыратыны секілді мәселелер қаралды. Соның салдары­нан биыл жастар арасындағы қылмыстың  өткен жылға қарағанда азаюы байқалады.

Дегенмен, ауданда бұл тұрғыда әлі де жасала­тын жұмыстар жеткілікті. Солардың бірқатары осы жиында талқыға салынды. Соның негізінде аудан бойынша кәмелетке толмаған­дардың ерте жүктілігі мен өзіне-өзі қол жұмсау мәселелері бойынша ауданның білім бөлімінің басшысы Қайрат Жұманов баяндама жасады. Сосын аудандағы кәме­летке толмағандармен жұмыс жасайтын поли­ция бөлімі бастығының міндетін атқа­рушы Айдын Салиев биылғы 10 айда атқа­рылған жұмысты тарата айтса, ал оларға психологиялық,-психиатриялық көмек көрсету орындары жайлы аудандық меди­цина бөлімінің бас дәрігері Зухра Омарова тілге тиек етті.

Сондай-ақ, жиналыста кәмелетке толма­ғандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыру және өмірде қиын жағдайға душар болған жасөспірімдерге қолдау көрсету, ата-аналар мен балалардың құқықтық мәдениет деңгейін көтеру, олардың құқықтарын қорғау және балаларға қатысты зорлық-зомбылық­тың алдын алу, бала құқықтарының сақта­луына жағдай жасауға қатысты өз ұсыныс­тарын ортаға салғандар көп болды. Сөйтіп, жиын соңында Бостандық ауданының кәме­летке толмағандардың құқығы мен оларды қорғау ісі жөніндегі ведомствоаралық комис­сияның хаттамалық шешімдеріне өзгертулер енгізу және толықтырулар мен қайта қарау туралы шешім қабылданды.

Құттыбек АЙМАХАН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары