$ 498.51  522.84  4.81

Алматылық жастар мен зиялы қауым өкілдері латынға көшудің мәселелерін талқылады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ тілін латын графикасына көшіру туралы жарыққа қол қойғанына әлі көп бола қойған жоқ. Кешегі қазан айының аяғында ғана ел президенті тарих парағын жаңартқан болатын. Содан бері елімізде ана тілімізге жасалған осынау реформаға қатысты түрлі жиындар өтіп, бүкіл қоғам латырнға көшу тақырыбын талқылап жатыр.

Осындай жиындардың бірі бүгін Алматыда өтті. Талқылауға жиналған қалалық музей бірлестіктері, зиялы қауым өкілдері мен жастар бекітілген латын әліпбиіне өту үшін жан-жақты жұмыстар мұқият атқарылуы тиіс деген пікірде. Әсіресе қазақтың орфографиясындағы ережелер қайта қаралып, әріптердің бір-бірімен дұрыс байланысуына қатысты ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ математика, химия сияқты ғылымдардағы латын әліпбиінің оңтайлы қолданылуына дұрыс әдістеме таңдалуы тиіс деген ойларымен бөлісті.  

«Көп дыбыстардың арасына «ы»-ны, «і»-ні қойып жазатынбыз. Енді осы керек пе? Мысалы «ауылы» деген сөзді «аулы» деп жазылу керек деген ұсыныстар айтылды. Басқа да сондай сөздердің жұрнақтары мен жалғауларын байланыстыратын тұстарға өте мән берсек деген пікірлер айтылуда. Меніңше, осы өте дұрыс. Сондықтан біз бұрынғы кириллицадағы жазылу тәртібін, емлелерді сол қалпында сақтамай, өзгерістерге түсіруіміз керек», - деді М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы Нұрдәулет АҚЫШ.

Осы ретте айта кетейік, Мемлекет басшысы қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру идеясын сонау тоқсаныншы жылдардан бері айтып келеді. Алайда, ол уақыттардағы қаржылық қиындықтар ана тілімізге реформа жасауға мүмкіндік бермеді. Есесіне, қазіргі таңда біз осындай маңызды қадамға аяқ басып отырмыз.

Енді жаңа құжатқа сәйкес, қазақ тілі 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен латын әліпбиіне көшетін болады. Дегенмен, бұл өзгеріс орыстілді тұрғындарға қатысты емес. Яғни, «екінші тіл» мәртебесіне ие орыс тілі кирилл қарпімен жазыла беретін болады. Ал, қазақ тіліндегі барлық кітаптар мен басылымдар, құжаттар латыншаға ауыспақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары