Ақтөбе облысының Байғанин ауданында облыстық құрметті педагогы асылып қайтыс болды. Оның мәйіті мектептің сарайынан табылған деп жазады Aktobetimes.kz.
Қайғылы оқиға Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында болыпты. Байғанин ауданындағы Кемерші ауылындағы К.Жазықов атындағы орта мектептің ағаштан жасалған сарайынан асылып қалған ер адамның мәйіті табылған. Кейінірек анықталғандай, қайтыс болған адам 63 жастағы ауыл тұрғыны екен. Ол 30 жыл бойы осы орта мектепте әскери дайындық пәнінен сабақ берген.
- Ол құрметті және еңбегі сіңген педагог еді. Отыз жыл бойы осы ауылдың балаларын алғашқы әскери дайындыққа үйретіп келді. Балалардың барлығы оның өзін де, осы пәнді де жақсы көретін. Еңбек өтілінде мұғалім бір емес, бірнеше рет марапатталған. Әзірге оны мұндай қадамға қандай жағдайдың итермелегені белгісіз. Болжамымыз бойынша, кеселдің салдары болу керек. Бізге белгілісі, оның отбасы өнегелі, материалдық жағынан қамтылған, үйінде ешқашан дау-жанжал болған емес, - дейді Байғанин аудандық Білім бөлімінің өкілдері.