Дін саласындағы заңнамаларға енгізіліп отырған өзгерістер мен толықтырулар туралы алуан түрлі пікір бар. Құжат қоғам талқылауына түскен соң, әркімнің де ойы мен ұсынысын жеткізуге құқы бар. Бұл бір жағынан демократиялық ахуалды жаңғыртса, екіншіден, көпшіліктің билікке деген сенімділігін нығайтатыны хақ. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы, заң ғылымдарының докторы Еркін Оңғарбаевпен жүргізген сұхбатымыз да осындай ой төңірегінде өрбіді.
– Еркін Әнуарұлы, сізді осыған дейін заңгер-ғалым және білім беру саласында басқарушылық қызмет атқарған маман ретінде танысақ, бүгінде идеология саласынан көріп отырмыз. Әңгіме басында дін саласындағы өзекті ахуалдарды бір түйіндеп өтсек.
– Рахмет, өздеріңізге мәлім, министрліктің биылғы қызмет басымдығы Дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасын және «Діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша жекелеген заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеу мен бекітуге дейінгі маңызды жұмыстарға бағытталып отыр. Бүгінде тұжырымдама Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілді, оны жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары Үкімет қаулысымен мақұлданды. Енді заң жобасы Үкімет деңгейінде қаралуда. Менің өмірлік тәжірибем осы екі үлкен маңызды құжаттың дайындалуына кішкене болса да септігі тиді деп үміттенем. Әрине заң жобасы кең қоғамдық талқылаулардан, сан алуан апробациялардан өтті, нәтижесінде көптеген өзгерістер енді және әу баста заң арқылы шешімін табуы көзделген бірқатар мәселелер алынып тасталды. Жалпы, заң жобасын әзірлеуде бұл қалыпты жағдай. Қоғам, басқа да мемлекеттік органдар тарапынан әзірлену сатысындағы заң жобасына қатысты ұсыныстар көптеп түсіп жатады – оның кейбіреуі қолдау тапса, екінші біреулеріне қатысты пікір қайшылықтары бой көрсетеді. Мәселен, заң жобасының бастапқы нұсқаларында бүгінгі қоғам үшін өзекті болып табылатын екпе, діни неке туралы толықтырулар енгізу көзделген еді. Дегенмен діни бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар мен азаматтық қоғам белсенділерінің ұсыныстары негізінде олар алынып тасталды. Үкіметке енген заң жобасында қоғам мен барлық мүдделі мемлекеттік органдардың ұсыныстары мен ескертулері көрініс тапты деп толық сеніммен айтуға болады. Біз осы заң жобасы арқылы мемлекет пен діни бірлестіктердің арасындағы өзара әрекеттестікті күшейтуді, ел Конституциясында көрініс тапқан зайырлы мемлекет қағидатын ілгерілетуді және дін саласындағы мемлекеттің функциясын жетілдіре түсуді мақсат еттік. Осының бәрі, сайып келгенде қоғамдағы тұрақты діни ахуалды одан әрі нығайта түседі.
– Дін саласына қатысты заң жобасында көрініс тапқан өзгерістер туралы жалпы мәліметіміз бар. Десе де, осы заң жобасында көзделіп отырған бірқатар маңызды өзгерістер туралы айта кетсеңіз?
– Заң жобасында жоспарланып отырған өзгерістер мен толықтырулардың барлығы маңызды. Мәселен, мен дін саласындағы уәкілетті органның діни бірлестіктердің қызметін бақылауын күшейтудің заң жобасында көрініс табуын құптаймын. Қазақстан қоғамында діндар адамдар саны жылдан-жылға өсіп отырғанын ескерсек, экстремистік және деструктивті идеялардың насихатталуына, діни өшпенділік пен күш көрсетуге шақыруға жол бермеу үшін діни бірлестіктердің қолданыстағы заңнамалар мен жарғыларын орындау бөлігіндегі қызметтеріне – діни білім беруге, діни әдебиеттер мен БАҚ-та жарияланатын діни материалдардың мазмұнына бақылау орнатуды іске асыру қажеттілігі айқын. Осыған орай, салалық заңға сәйкес өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Сонымен қатар заңнамалық өзгерістер қатарында діни салада жиі пайдаланылатын бірқатар ұғымдарды нақты айқындаудың көрініс табуын өте дұрыс қадам деп білемін. Өйткені термин ұғымдарды нақтылап алу оларды қолдану практикасында бірізді түсінуді қамтамасыз етеді. Осы тұрғыда заң жобасында «діни әдет-ғұрып», «діни рәсім», «діни жиналыс», «зияраттау», «діни әдебиет» және «діни мазмұндағы ақпараттар» түсініктері кеңірек ашылды. Сонымен қатар «тәкфіршілік» пен «жихадшылық» көріністерін қамтитын «деструктивті ағым», «радикалдық діни ағым» тәрізді ұғымдар айқындалып, анықтамасын алып отыр.
– Қазіргі таңда БАҚ беттерінде дәстүрлі емес исламдық ағымдардың идеяларын ұстанушылардың мешіттерде дөрекілік көрсетіп, мешіт имамы мен жамағаттың шырқын бұзатын деректер бар деген ақпараттар оқта-текте көрініс тауып отырады. Заң жобасында осы мәселенің реттеу жолдары бар ма?
– Шынында, деструктивті діни ағымдардың теріс идеяларын ұстанушылардың мешіттерде өтетін діни рәсімдер мен жоралар барысында өздерін өте дөрекі ұстайтынын, мешіт имамдарымен сөз таластыратынын, жамағаттың шырқын бұзып, намаз ортасынан басқаларды баса-көктеп шығып кететінін жұртшылық көріп те, айтып та жүр. Әрине мемлекетіміздің зайырлы қағидатына сәйкес бұл мәселенің мемлекетке еш қатысы жоқ тәрізді болып көрінуі мүмкін. Десе де, мемлекет бүкіл ел аумағындағы қоғамдық тәртіп пен тұрақтылықтың сақталуының кепілі ретінде бұл мәселеден өзін шет ұстай алмайтыны тағы да анық. Біздің бұл мәселедегі ұстанымымыз айқын: заңды түрде тіркеліп, қызмет атқарып отырған барлық діни бірлестіктер мемлекеттің қорғауында болады. Мәселен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының барлық мешіттерінің ішкі ережелерінде ғимараттағы тәртіптің сақталуын міндеттейтін талаптар бар. Егер жоғарыда айтылғандай дәстүрлі емес исламдық ағымдардың идеяларын ұстанушылар мешіттің ішкі тәртібіне бағынбай, дөрекілік көрсететін болса, мешіт имамының полицияға жүгінуіне толық еркі бар. Осы орайда заң жобасында ішкі істер органдарына деструктивті діни ағымдардың ұстанушыларына қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық жасауға жағдай тудыратын әрекеттерге бармау керектігі туралы ресми ескерту жасау құзыретін беру қарастырылғанын айту керек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ.