Жуырда ғана Қайрат Нұртаспен киноға түсіп, көпшіліктің алдына алғаш рет шыққан танымал әншінің әйелі Жұлдыз Әбдікәрімова соңғы уақытта қоғамдық өмірде де, әлеуметтік желіде де белсенділік танытып жүр. Өзінің Instagram-парақшасына ол өз отбасының құпиялары туралы, енесімен ара-қатынасы туралы жазба қалдырды.
"Енемнің келін тәрбиелеуде өзіндік стилі мен ұстанымы бар. Өзім ата-ене қолында 5-6 жыл тұрдым. Орамал тағып, сәлем салып, таңертең ерте тұрдым (есік алдын сыпырдым демеймін). Бірақ ыстық нанымды күнде таңда пісіретінмін. Ұрпақ әкеліп, ана атандым. Жалпы қандай жағдай болмасын, ата-енемнің айтқанын жерге тастамауға тырсатынмын. Одан жаман болған емеспін қайта қателіктерімді түзедім. Ұзын сөздің қысқасы – ене институтын терлеп-тепшігіп, үздікке бітірдім. Содан соң, бізді жеке отбасы болуымызға сенімді болғандықтан болар, ата-анамыз еншімізді бөліп берді. Оның өзі біз үшін үлкен жауапкершілікке айналды. Бірақ әлі күнге дейін, бір шаңырақтың астында тұратын сияқтымыз. Көбіне дастарxан басында бірігіп тұрамыз", – деп бастады сөзін әншінің әйелі.
Ол енесінің қашан да келін тәрбиесіне баса назар аударып, үнемі қандай жағдай болмасын, отбасы тыныштығын сақтап қала алатын ерекше қасиеттерін тізді.
«Мен өзіме енемнің ерекше қасиеттерін түртіп алдым: ең бастысы қатаңдықпен емес, даналықпен тәрбиелеу; кінәламай үйрету; ұлын емес келінін қорғаштау; басқаның келінімен салыстырып, кемістпеу; үйдегі әңгімені сыртқа шығармау. Әлі де үйреніп, түйетінім көп», – деп сөзін жалғады Ж.Әбдікәрімова.
Сондай-ақ ол қоғамдағы келін мен ене арасындағы проблеманың дәстүрге қайшы екенін айта кетті.
"Қазақ қоғамында ене мен келін арасындағы қарым-қатынаста ешқандай қиындық болған емес деп ойлаймын. Себебі, екі арадағы келіспеушіліктер жайлы шешендік сөз кездеспейді. Қазіргі қоғамда енені сыйламау, мысқылдау идеясы – Ресей, Еуропадан келіп жатыр. Меніңше сол елдердің безбүйрек, ұятсыз, арсыз псиxологиясы. Бұл біздің менталитетке мүлдем келмейді. Себебі, парасатты, қаны қазақ ер азаматы анасына ең үлкен құрметтің көрсетілгенін қалайды. Келіндердің енесіне жасаған әрбір әрекеті – өзінің енелік өмірінің кірпіші. Жақсы келінге қол жеткізгісі келген әйел өз енесіне қолынан келген құрметті аямау керектігін түсіну қажет. Әрбір келін енеге қарап ойы мен бойын түзейді деген пікіріме келісесіз бе?», – деп оқырмандарына ой тастады ол.
Еске салайық, Жұлдыз Әбдікәрімованы енесі он жыл бойы ел көзінен жасырып келген болатын. Өткен жылы ғана «Арман. Когда ангелы спять» кинокартинасында оған басты рөлді сомдатып, келінін бір күн ішінде «жұлдызға» айналдырған. Содан бері Қайрат Нұртастың келіншегінің өз көрермендері пайда бола бастады.