"Қазақстан" телеарнасынан көрсетілген "Қозы Көрпеш - Баян Сұлу" телехикаясынан кейін туындаған шу әлі сейілген жоқ. Көрермен қауымның көпшілігі телесериалда қазақтың дәстүрі мен салты бұрмаланғанын айтып отыр. Ал, журналистер мен эстрада әншілері болса тележоба продюсері Баян Алагөзова фильмге жұмсалған қаражат кері қайтарылсын деген талап қоюда.
Күні кеше танымал әнші Меруерт Түсіпбаеваның осы жайтқа қатысты мәлімдемесін жариялаған болатынбыз. Эстрада өкілі Баянға берілген халықтың ақшасы өзін ақтамағанын, сондықтан оны кері қайтаруды керектігін жазған еді.
Бұл ретте Баян Алагөзова да қарап қалған жоқ. Ол өзіне жала жабылып отырғанын айтып ақталмақ болды.
"Осы күнге дейін мен үнсіз келіп, кино өнерінің иісі мұрнына бармайтын адамдардың мені және менің еңбегімді қалай қараламақ болғанын бақыладым. Осы ретте түсіндіріп кетуді жөн көрдім, менің компаниям "Қозы Көрпеш - Баян Сұлу" телехикаясын түсіруге 54 миллион теңге алды, яғни әр сериясына 9 миллион теңгеден. Одан 22 пайыз салықты алып тастасаңыз 7 миллион теңге қалады немесе 21 мың доллар. Мені кино мамандары жақсы түсінеді, өйткені, 21 мың долларға бір серияны түсіріп шығу мүмкін емес", - деп жазды Алагөзова өзінің Instagram-парақшасында.
Продюсер шыққан өнімнен еш ұялмайтынын, жұмсалған қаражаттың ақталғанын да айтты.
"Әрине, мұндай қаражатқа түсіру мүмкін емес, бірақ біз оны түсірдік. Егер сіздер біз түсірген телесериалды көрсеңіздер ондағы 30 киізүйді, жүздеген адамды, отар-отар қойларды, жылқыларды, каскадерлардың жұмысын міндетті түрде байқар едіңіз. Фильмге қатысқан 200 адам күніне үш рет тамақтану керек, гонорарларын алулары керек. Сондай-ақ, олар Алматыдан 120 шақырым қашықтықта орналасқан түсірілім алаңына жетулері керек. Ақша мұның бәріне жеткен жоқ. Сондықтан мен өз қалтамнан тағы 13 миллион теңге қостым. Бірақ, мен өкінбеймін, біздің команданың жұмысы жақсы шықты", - дейді Баян Мақсатқызы.