Тау қопартып тиын да бермеген. Қызылорда облысында қиыршық тас зауытының жұмысшылары екі жылдан бері жалақыларын ала алмай жүр. Бұл мәселені біз былтыр да көрсеткен едік. Сол кезде жырымдап төлеуді бастаған мекеме қайтадан бұрынғы әдетіне басыпты. Тіпті зауыт басшылары бір-бірімен соттасып жатқан көрінеді. Қазір серіктестіктің қызметкерлері алдындағы берешегі 10 миллион теңгеге жуықтаған деп мәлімдейді КТК телеарнасы.
Алпысқа жуық жұмысшысын сандалтып, екі жылдан бері айлығын бермей жүрген «Қазпром-Қызылорда» мекемесі. Қиыршық тас шығаратын зауыт былтырдан бері тоқтап тұр. Тіпті линцензиясынан айырылған екен. Десе де адал еңбегінің өтеуін талап еткендер үмітін үзген жоқ. Олар тағы да зауыт алдында жиналды. Бірақ қара сыммен тартылған есіктен ары өте алмады.
– Естіп жатырмыз ғой бір учаскені сатып жіберіпті. Одан вообще ала алмайсыңдар деді. Соттың орындаушысы анық айтты. Ал екі учередитель бір-бірімен соттасып жатыр. Біреуі Арманжан Байтасов пен Нұрлан Рыспанов ғой Бектасович. Солардан енді екеуі банкротпын деп жарияласа ғана аласыңдар дейді, – жұмысшы Әсия Жайсанбаева.
Қарапайық халықтың көмек сұрап бармаған жері жоқ. Әкімдік, прокуратура, тіпті сотқа берген. Өткен жылы бұл мәселені біз де көрсеттік. Сол кезде 5-10 мың теңгеден жырымдап төлеуді бастаған мекеме қайтадан бұрынғы әдетіне салған. Алты баланың әкесі Ғалымжан айлыққа сеніп қарызға белшеден баттым деп отыр. Ол бұл зауытта 13 жыл жұмыс істеген екен.
– Жұмыстан шығып кеткенімізге бір жылдан асып кетті. Айлық ала алмай жүргенімізге бір жарым екі жыл болды. 2016-ның басынан бастап ала алмай жатырмын. ЖКНМ учаскесінде болғанбыз біз. 2014 жылдың жартысынан бастап пенсионный аударылмаған, деді– жұмысшы Ғалымжан Қалкөзов
– Бұл біздің бақылауымызда. Мониторинг жасап отырмыз. Қазір қарыз тоғыз миллиондай бар. Қазан айында бір миллионынан құтылды. Осы жөнінде облыстық еңбек саласының мамандарына бердік. Солар айналысып жатыр, – деді Жаңақорған аудандық жұмыспен қамту бөлімі басшысының орынбасары Серікбек Өмірбек
Мекеменің нақты қызметкерлер алдындағы қарызы 9 миллион 4 жүз мың теңгеге жеткен. Кезінде қара жұмысты талғамай жасағандар, түбінде жалақыларын алып кредитін жауып, қарыздарынан түбігейлі құтылатынына сенеді. Ол үшін биліктегілер біздің мәселеге мониторинг жасап қана қоймай оның шешілуіне шындап кірессе екен дейді.