Ақтөбедегі автобус өрті кезінде аман қалған жүргізушілер мен жолаушылардан полиция жауап алып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Автобус өрті кезінде қаза болған адамдардың мүрделері кеше кешкілік отанына жібірілді. Ал 19 қаңтар күні сағат 19:00-де Самара-Шымкент тасжолында болған қайғылы оқиға орнын зерттеу, тергеу аяқталды. Түгі қалмай жанып кеткен автобустың қаңқасы жан-жақты сараптау жұмыстарын жүргізу үшін облыс орталығына жеткізілетін болды.
«Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын нақтылау үшін жедел тергеу тобы үш жүргізушіден, екі жолаушылар жауап алып жатыр. Олар Қазақстан және Өзбекстан азаматтары. Ал Өзбекстаннан келген Үкіметтік комиссия өз жұмысын аяқтап, Қазақстан Республиканың мемлекеттік органдарына, ведомстваларына алғыс білдірді. Үкіметтік комиссияға барлығы 52 адамның мүрдесі берілді. Олар өз елінде геномдық сараптама жасайтын болады. Ұшақ кеше кешкі сағат 20:25-те аттандырылды»,- деді облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі.
Бұған дейін хабарлағандай, ІІМ орынбасары Ерлан Тұрғымбаев өрттің жылыту шамынан шыққанын мәлімдеген болатын. Сонымен қатар, автобус ішінен бензин құятын арнайы құты табылды.