Соңғы екі күннен бері астаналықтар мен Ақмола облысы тұрғындарын әбігерге салған аяз жан-жануарларды да аяған жоқ. Әлеуметтік желілерде мұз болып сеспей қатқан жануарлардың видеолары жариялана бастады.
Видеолардың бірінде иттің аулада тұрып қатып қалғанын анық көруге болады. Бейнекамераға түсіріп тұрған ер азамат бұл жайттың Астанада болғанын айтқан.
Сондай-ақ, дәл осындай өлімнен қоян да құтыла алмапты. Шарбақтан секіріп өтпек болғанда ол ағаштардың арасына қысылып қалған секілді. Содан шыға алмай мұз болып қатып қалған.
Интернет қолданушыларының бірі қатып қалған мысықтың видеосын желіге жүктеген. Ол өз сөзінде "Мен астананы не үшін жек көретінімді білесіздер ме? Осы үшін", - деп, қар үстінде кетіп бара жатып қатып қалған мысықты көрсетеді.
Жалпы, синоптиктер солтүстік пен орталық облыстарда апта соңына дейін аяздың сақталатынын болжап отыр.