Бауыр еті баласын қоқысқа тастай қашқан ана енді "қасақана кісі өлтіруге бағытталғаны" үшін жауапқа тартылады. Павлодарлық тергеушілер істі осы бап бойынша жүргізіп жатыр. Ал дүйсенбі күні табылған ұл баланы дәрігерлер өзара Дүйсенбек деп атап кетіпті. Шақалақты жәшіктен тапқан тұрғын да ауруханаға арнайы келіп, жағдайын білді деп мәлімдейді КТК телеарнасы.
Нәзира Омарова екі күн бұрын болған сұмдық жайттан енді ғана есін жиған. Айтуынша, сол күні ол сыртқа дәрі-дәрмек алуға шығыпты. Бірақ үй маңындағы дәріханалардың бәрі жабылып, әйел басқа ауданға қарай бет алған. Осылайша аулалардың бірімен келе жатып баланың ыңырсыған дауысын естиді. Бұған аса мән бермегенімен, әлгі шырыл басылмапты. Сөйтсе, бұл осы маңдағы қоқыс жәшігінің ішінде жатқан шақалақ екен. Өз көзіне өзі сенбеген әйел сәбиді бірден құшағыма алдым дейді.
"Жүрегіме басып жылама, жылама бәрі жақсы болады, сен қолымдасың деп қызымның үйіне апардым. Онда апарған соң полицияны шақырдық. Дәрігерлер келді. Әлгі бала қолымда өзі кішкене дауысын шығармай, бауырыма басылып жата қалды. Өзімнің жүрегім сондай ауырып қалды. Түнімен ұйықтамадым", — дейді Павлодар қаласының тұрғыны Нәзира Омарова.
Екі түн дұрыс ұйықтамаған әйел өзі құтқарған тастандының жағдайын білу үшін ауруханаға аттанды. Далада жатқанда алғаш құшағына алған адамның келгенін сезді ме, бала да мазасызданып жылап кетті. Бейкүнә сәбиді қайта қолына алған Назира оны жұбатып, өзі де көз жасына ерік берді.
Ал полицейлер баласын қоқыс жәшігіне тастап қашқан көкек ананы іздестіруді жалғастыруда. Болжамға қарағанда, ол сәбиді осыдан екі апта бұрын дүниеге әкелген. Салмағы үш келіден асатын шақалақ болса суық жерде бір сағаттай жатып қалған. Сондықтан да әлі де дәрігер бақылауында болу керек.
"Қазір баланың жағдайы жақсы, жаман емес. Бала бізде жатқанда смесьпен тамақтандырамыз. Жағдайы бір қалыпты, зияны жоқ. Мүмкін бәрі жақсы болса шығарамыз", — дейді неонатолог-дәрігер Шолпан Құрманова.
Сәбимен жылап қоштасқан 53 жастағы Нәзира Омарованың өзі – екі баланың анасы. Тастанды сәбидің туған анасының жақын күндері табыларына ол сенеді. Табылмаған жағдайда дұрыс жерде тәрбиеленуіне септігімді тигіземін деп отыр.
Емханаға шақалақтың жағдайын сұрап келген тұрғындардың бірі оған киім-кешек беріп кетіпті. Бұған қоса, сәбиді асырап алуға әлден ниет білдіріп жатқандар да бар екен.