$ 498.34  519.72  4.85

Танымал журналист қазақ қызына қол көтерген «патриот» жігітке жауап берді

Соңғы уақытта өзге ұлт өкілімен бірге жүрген қазақ қыздарына тиісіп, видеоға түсіру әдет болып кетті. Бойжеткендерді «арсыз» деп айыптан жүргендердің біріне журналист әрі блогер Арайлым Әлімхан хат жазды.

«Құрметті Жәнібек мырза, сіздің ұлт үшін, "қазақ xалқы" деп әр жерден патриоттық сезіміңізді білдіріп жүргеніңіз құптарлық іс екен. Алайда, сонау үлкен басыңызбен әр қазақтың қызын шетелдікке бермеймін, өзге ұлт өкілін таңдаған әр қазақ қызы арсыз деген сөздеріңізге келіспеймін. Шет елдік жігіттің соңынан ерген қазақ қыздарының бірі мен боламын және өзімнің болашақ жарымды мақтан тұтамын. Сіздің жасыңызда жаман ұлт болмайтынын, жаман адам болатынын түсінетін уақыт келді емес пе? 

Жарайды, мұны түсінбейді делік. Ал енді Заң алдыңда бұл да үлкен қателік екенін білмеп пе едіңіз? Біз көпұлтты әрі көп дінді бейбіт және зайырлы мемлекетте тұрамыз. Сіздің мына қылықтарыңыз ұлтаралық араздастыққа жатады және ашуы келген адам сіздің үстіңізден арыз жазса ертең бір емес бірнеше баппен сотталып кетуіңіз мүмкін.


Жә, бұған да қош делік. Күйеуге тие алмай жүрген барлық қыз-келіншекті жинап алып қайтпексіз? Бізде Заң бойынша Тоқал алуға болмайды, яғни көпәйелалу дегеніміз көңілдестің санын арттыру. Егер соншалықты "намысшыл батыр" болсаңыз, қазақтың қанын құрттыңдар деген жанайқайыңызды есітісін десеңіз, басқа ұлтқа үйленетін жігіттерден бастаңыз. Неге жат жұрттық қызға тиісесіз де, басқа еркекке сөз айта алмайсыз?

Жесір, ажырасқан не балалы келіншектер шетелдікке тисе оның несі айып? Біреудің жеке өміріне қол сұғып, кейбір видеода бет жыртысудасыз? Бұл біздің Ата Заңымызға қайшы емес пе? 

Керемет қазақ жігіті, намысшыл болсаңыз үлгілі азамат ретінде өзіңізді көрсетпейсіз бе? Дікен-дікен етіп, бейтаныс қызды қолыңызбен түрткеніңіз не сұмдық? Мұсылман болсаңыз ауызыңызды неге бағып сөйлемеске? 

Мен ауызынан шөлмегін түсірмейтін, қатын мен бала-шағасын ұратын, қазақтың жап-жас қыздарын қорлап зорлайтын имансыз кейбір қазақтың жігітін емес, жүрегінде иманы бар шетелдік жігітті таңдадым. Барлық қазақ жаман демеймін. Сол аз ғана қазақты біріне-бірін қарсы қойып отырған сізді жаман деймін. 

Сіздей заң мен тариxтан еш xабары жоқ адамдар елімді артқа тартып, мемлекетіміздің өсуіне өзінің кері әсерін тигізері сөзсіз. Тоқетерім, ешқандай xалық "таза" бір ұлттан тұрмайды, қан әрдайым алмасып отырған”, – деп сөзін аяқтады Арайлым Әлімхан.

Еске салайық, осыдан бір жарым жыл бұрын Алматыда блогер жігіт аялдамада түрік азаматымен тұрған қазақ қызының намысына тиіп, оны камераға түсірген болатын. Дәл осындай жағдайды өткен айда желі қолданушысы Жәнібек Иманмәзір қайталап, қызға аузына келгенін айтып, «некеміз қиылған» дегендеріне қарамай жұлқылап тастаған. Тіпті, одан кейін белгісіз азамат өзбекпен көлікте отырған қызға балағаттау былай тұрсын, қол көтеріп, қоқақ-лоқы да көрсеткен болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары