$ 449.58  486.94  4.86

Ақтөбеде қыздарынан хиджабын шешпеген ата-аналарға айыппұл салынды

«Ақтөбе облысында «орамал дауына» орай балалары мектепке бармай отырған он ата-ананың әрқайсына 12025 теңгеден айыппұл салынды» деп хабарлады Азаттыққа Ақтөбе облысының білім саласындағы бақылау департаментінің директоры Жанна Қайшығұлова. Оның сөзінше, айыппұл салу үшін тағы екі ата-ананың құжаттары әзірленіп жатыр.

- Он адамға бес айлық есептік көрсеткішке (АЕК – ред.) тең айыппұл салынды. Олар Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 409-бабының 2-тармағында көрсетілген («Ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің білім беру заңнамасында көзделген міндеттерді орындамауы немесе тиісінше орындамауы») заңнаманы бұзды деп айыпталып отыр. Ата-аналар «иә, біз мектеп формасын бұзғанымызды мойындаймыз, баланы сабаққа жібереміз» дегенде ескертумен шектелген болар едік. Бірақ олар айтқандарынан қайтпай қойды. Енді олар бір ай аралығында айыппұлды төлеуге міндетті. Енді бір жыл ішінде бұл жағдай қайталанар болса, екінші рет 20 АЕК-ке тең (48100 тг) айыппұл салынады, – дейді Жанна Қайшығұлова.

Ақтөбе облысының білім саласындағы бақылау департаментінің дерегінше, әкімшілік жауапқа тартылған он ата-ананың үшеуі Шалқар қаласында тұрады. Шалқарлық балалар оқу жылының екінші тоқсанынан бері мектепке бармаған. Олардың ата-аналарына айыппұл биыл 19 қаңтар күні салынып, 30 қаңтар күні заңды күшіне енген.

Шалқарлықтардан кейін айыппұл салынған үш ата-ана Қарғалы ауданының Петропавловка ауылында, төртеуі Хромтау қаласында тұрады. Білім беру заңнамасында көзделген міндеттерді орындамады деп айыпталып, құжаттары әзірленіп жатқан екі ақтөбеліктің балалары облыс орталығындағы №52 және 55 мектептің оқушылары.

Ақтөбе соты 1 ақпан күні тұрғындардың «орамал дауына» қатысты №40 және 49 мектеп директорларының үстінен түсірген екі шағымы талабын орындаудан бас тартқан. 2 ақпан күні №23 мектепке қатысты шағым да қанағаттандырылмады. Қалалық соттың қарауында орамал дауына қатысты әлі үш іс бар.

Ақтөбе облыстық дін істері департаментінің дерегінше, оқу жылының үшінші тоқсаны басталғалы облыста орамал тартатын кем дегенде 180 қыз бала мектепке бара алмай отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары