$ 498.34  519.72  4.85

Өскеменді рухани жаңғыртқысы келген тілшіні орыстілді басшысы қудалап жатыр

Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінде шу шықты. Өңірге танымал журналист Мұратхан Кенжеханұлының «Өскемен қашан рухани жаңғырады» деген мақаласынан кейін оның соңына басшысы шам алып түскен көрінеді. Ақыры сөгіс беріп тыныпты. Бұл туралы журналистің өзі Facebook әлеуметтік желісіне жазды.

М.Кенжеханұлының айтуынша, Ирина Якунина есімді басшысына оның ұлттық рух жайында мақала жазғаны, жазып қана қоймай оны облыстық газетке жариялағаны жақпай қалған көрінеді.

«Шығыстағы мүйізі қарағайдай қаламгерлер осы мақалам үшін оң бағасын беріп, ұялы байланысқа шыққанда қуанып едім, қуанышым көпке созылмады. Қаңтардың 18 күнгі нөмірге шыққан сол жазбам басыма пәле болып жабысты. Оқырмандарға ұнаған дүние, басшымызға ұнамай жатыр. Ирина Якунина деген "Шығыс-Ақпарат" ЖШС-нің директоры осы мақаладан кейін ізіме шам алып түсті. Мақаланы анда апарып, мұнда апарып саралатты, ішінен кемшілік іздеді. "Ақыры ешкімнен пікір келтірмегенсің" деп шүйлікті. Мен Өскемен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінен алғызған, қала әкімі орынбасарының қолы қойылған жазбаша жауабымды көрсетсем, "бұл ономастиканың басшысы емес" деп теріс қарады. Түсініктеме жазудан мен де бас тарттым. Ұлттық рух жайында жазған дүнием мемлекеттік тілді білмейтін басшыға ұнамағанына күйіндім. Біраз әріптестерім араға түсті, бірақ, қолында билігі бар кісі күштірек болады екен. Бүгін осы мақалам үшін сөгіс беріп тынды», - дейді танымал журналист.

Мұратхан Кенжеханұлы қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына қынжылдым дейді. Қазақтың жерінде отырып, ұлтымыздың рухани құндылықтары туралы жазғаны үшін қудаланған журналист енді сотқа жүгінгісі келеді.

Орыстілді басшы былай тұрсын, аталған мақаланы әлеуметтік желіге орналастырған кезде Шығыс Қазақстан облыстық Ішкі саясат басқармасының басшылары да тіс көрсетіпті. Араға адам салып жүріп мақаланы ақыры өшіртіп тастаған. Енді артынша Якунина тісімен қоса тырнағын да батырып отқан көрінеді.

Қазір Мұратхан Кенжеханұлының осы жазбасынан кейін әлеуметтік желі қолданушылары Өскеменде мұндай «былықтың» бұрыннан бар екенін жаза бастады. Мәселен, Мейіржан Темірбек есімді азамат: «Бұл өтірік емес. Тіпті желтоқсанда құрбан болған қызымыздың Өскемен педагогикалық колледжінің бір бұрышына орнатылған 60х20 тасын да артық көріп алып тастады. "Дивандар мен жиғандардың" атынан аяғыңды алып жүре алмайсың. Ондай сынды көтере алмайтын, шындық ішіне жақпайтын баспахананың баспаларына жазылудан бас тарту керек», - деп жазды ол өзінің Facebook-парақшасында.

Ал, өскемендік Әділ Қаратай болса «Шығыс-Ақпараттағы» басқа да жағдайларды тізіп берді.

«Елім дейтін ерлер бар арамызда. Басталған шу аяқсыз қалмауы тиіс. Мұратханның көтерген мәселесі бір басына ғана емес, ұлтқа қатысты. Ал соңғы жылы Шығыс Ақпараттың шаңырағы шайқалғанын сырт көз мен де байқадым. Тізейін: Бұрыннан алаңсыз қызмет етіп жүрген фототілші Ғылымбек Сабитов жұмыстан кетті. Орнынан Иванов па, Франчук пе біреу келді. "Құдай" бір айналдырғанды шыр айналдырды ма білмедім. Айдың күннің аманында Есімхан ағамыздан айырылып қалдық. Естуімше тағы біраз қаракөздер жұмыстан шығарылған көрінеді. Шығыстағы қаймағы бұзылмаған, ұлт мүддесі үшін қызмет қылатын қаламгерлерге шүйліккен "аспанкөзді" басшының бұл тірлігіне көз жұмып қарамайық. "Қолдаймыз" деп экранның бер жағында отыра бергеніміз жарамас, жиналып редакцияға барып тұрып қолдау көрсетейік. Қазақ тілін білетін басшы керектігін талап етейік. Халықтың жыртысын жыртып жүрген журналистерге қолдау сырттан керек», - деп жазды ол.

Сондай-ақ, кейбір желі қолданушылары аталған басылым басшыларын «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асуына қасақана кедергі келтіріп отыр дейді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары