Қазақстанда теңдесі жоқ Даңқ монументі осыдан бірнеше жыл бұрын Шымкентте ашылған болатын. Өте үлкен аумақты алып жатқан аллеяға ҰОС ардагерлерінің есімдері жазылған мәрмәр тақтайшалар қойылған. Жуырда сол тақтайшалардың бірнешеуі жоғалып кетті деп жергілікті тұрғындар дабыл қақты. Әкімдік қызметкерлері болса батырлар ұлықталған тақтайшалардың жоғалмағанын айтып, қалалықтарды сабырға шақырды.
Белгілі болғандай, Данқ монументін салар алдында майданға қатысқан облыстағы барлық жауынгерлерді нақтылау жұмыстары жүргізіліпті. Бұл жұмыс әлі де жалғасып жатыр. Жақында жаңа есімдер табылып, ескерткіштегі тақтайшалар құрамды толықтыру үшін алынған көрінеді.
«Бізге бұл тізімді толықтыру туралы бұйрық келіп түсті. Енгізетін тағы да 29 есім бар екендігі ескертілді. Сол себептен бірнеше тасты алып тастауға тура келді. Қазір барлық жұмыстар аяқталып, тақталар орнына қойылды», - дейді Шымкент қалалық ТҮКШ бөлім басшысы Нұрлан Бектұрсынов.
Алайда, жергілікті халық сол күні, яғни 8 ақпанда ешқандай да құрылыс жұмыстары жүрмегендігін айтып отыр.
Айта кетейік, Шымкенттегі Даңқ монументі 2010 жылы сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен салынған болатын. Кешеннің жалпы сомасы – 220 миллион теңгені құрайды. Онда Ұлы Отан соғысына қатысқан 140 мыңнан аса оңтүстікқазақстандық жауынгердің есімдері жазылған. Олардың тең жартысы елге қайтпағандықтан, ол жерге марқұмның туған-туыстары гүл шоқтарын қойып, еске алады.