$ 494.87  520.65  4.91

Каспий – суретшілер шабыты

Таяуда Ақтаудағы «Өнер» арт галереясында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Каспий көкжиегі» атты республикалық сурет байқауы мәресіне жетті.

18-20 мамыр аралығында өткен республикалық байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен майталман суретшілер бағын сынау үшін арнайы ат сабылтып келді. Маңғыстау облыстық ғылыми-әдістемелік орталық пен «Өнер» арт галереясының суретшілері Аймұрат Танатов пен Тынышбек Балтабаев жас суретшілердің таудай талабына қолдау көрсетіп, байқауға мұрындық болды.

Қылқалам шеберлері Маңғыстаудың белгілі жерлерін суретке түсірді. Байқау ережесі бойынша, қатысушылар бірінші күні Каспий теңізінің сұлулығын бейнелесе, келесі күні Шерқаланың асқақтығын өнерімен жеткізуге тырысты. «Байқауға қатысушы суретшілердің барлығы дарынды. Алайда жеңісті суретімен табиғат ғажабын дәл жеткізе алатын, өзіндік көзқарасын паш ететін суретшіге табыстаймыз»,-деді ұйымдастырушы А.Танатов.

Сурет өнерінің қыр-сырын ашатын шеберлік сағаттарын өткізу үшін Қазақстан Республикасының Суретшілер Одағынан Жұмақан Қайрамбаев пен Жеңіс Нұрлыбаев шақырылды. Олар да жастардың өнеріне тәнті болып, жоғары бағасын берді.         Қатысушылардың ішінде суреттері топ жарғандар грамота мен ақшалай сыйлықтарға ие болды. Байқаудың басты жүлдесін Алматы қаласынан келген Оралбек Кабоке алып, Гран-при иегері атанды. Бірінші орын Астана суретшісі Бейбіт Әсемқұлға бұйырса, екінші орынға алматылық Бақыт Сейсенханұлы мен тараздық Дастан Оразаханов жайғасты. Үшінші орынды Алматының қылқалам шеберлері Светлана Цой мен Алмас Нұрғожаев және Маңғыстау облысының Жаңаөзен ауданынан Асылбек Эзджанов қанжығасына байлады.

Х.Орынбайқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары