$ 494.87  520.65  4.91

Құқығы шектелген азаматтарға жәрдем

Дүние есігін ашқаннан бастап өмірімен қоштасқанға дейін азаматтығы жоқ адамдар кемсітушілікке кезігеді. Себебі, азаматтық – білімге, денсаулық сақтауға қолжетімділік, неке құру мен жұмысқа орналасу кепілдігі. Бірақ құқығы жоқ адамдар осының бәрінен құралақан қалады.

 

Бүгінде бұл мәселе Қазақстанды да толғандырып отыр. Кеңес Одағы ыдырағанына екі онжылдық өтсе де 600 мыңнан астам адам әлі де азаматтығына қол жеткізе алмай жүр. Таяуда Орталық Азиядағы босқындар ісі жөніндегі БҰҰ жоғарғы комиссар басқармасының аймақтық өкілдігі Маңғыстау облысында азаматтығы жоқ тұлғалардың санын азайтуды көздеген бірқатар шараларды бастады. Бұл маңызды шаралар құжатсыз, дауыссыз, құқықсыз қалған адамдарға көмек көрсету мақсатында қолға алынған. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Әнуар Шөжеғұловтың қатысуымен мемлекеттік орган өкілдеріне арналған семинар ұйымдастырылып, азаматтығы жоқ тұлғаларға қатысты мәселелер жан-жақты талқыланды.

ҚР Үкіметімен және БҰҰ-ның бірқатар агенттіктерімен бірлесіп «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту және тұрақты дамуға қол жеткізу үшін Маңғыстау облысының мүмкіндіктерін кеңейту» жобасын жүзеге асыруға кіріскен Орталық Азиядағы босқындар ісі жөніндегі БҰҰ жоғарғы комиссар басқармасының аймақтық өкілдігі басшысының орынбасары Эдуардо Ирезабаль Г.де ла Торре дүние жүзінде 10 миллионнан астам азаматтығы жоқ адам бар екенін айтты. «Біздің мақсат – Қазақстандағы азаматтығы жоқ тұлғаларға қол ұшын беріп, құқықтық жәрдем беру. Жүгі ауыр жауапкершілікті арқалаған жобаға жергілікті билік пен БАҚ-ты тартуды жоспарлап отырмыз. Қоғам осындай мәселенің бар екенін және онымен күресіп жатқанын білуі тиіс. Қазір бізде республикалық деңгейдегі статистика болғанымен, облыстық деңгейдегі нақты көрсеткіш жоқ. Жобаны жүзеге асыру барысында қанша адам біздің көмегімізге зәру екендігін анықтаймыз. Жұмыс екі апта бұрын басталса да, заңды сақтау және адам құқығы бойынша қазақстандық халықаралық бюросына 200-ден астам қоңырау түсіп үлгерді», - деді Эдуардо Ирезабаль.

Оның сөзінше, 2014 жылы ҚР ІІМ мәліметі бойынша республикада жеті мың азаматтығы жоқ адам ресми түрде тіркелген. «Бұл құжаттар алу рәсімін тәмамдап, азаматтығын алуға жақын адамдардың саны да болуы мүмкін. Азаматтық алу рәсімдерінің ұзаққа созылатындығы, адамдардың бұндай рәсімдерден хабарсыздығы – азаматтығы жоқ адамдардың нақты санын шығаруға кедергі болып тұр. Нақты көрсеткішті шығару оңай емес», - деп шешіле сөйледі Э.Ирезабаль.

Қазақстан азаматтығы жоқ тұлғаларды азайту үшін жұмыстануда. Алайда мәселені түбегейлі шешу үшін үкіметте саяси еркіндік пен қажетті заңнамалық түзетулер енгізілуі тиіс. Облыс әкімінің орынбасары Ә.Шөжеғұлов аймақтағы жағдайды санмен өрнектеп:

- 2015 жылы ҚР азаматтығын біздің облыста 248 оралман алды. ҚР ІІМ көші-қон полициясы департаментінің эмиграция және азаматтық басқармасына 28 дерек қарауға жіберілді, ҚР азаматтығына қабылдау үшін 277 арыз түсті. Ал азаматтығы жоқ тұлғаларға келсем, ағымдағы жылдың соңғы 5 айында ҚР ІІМ көші-қон полициясы департаментінің эмиграция және азаматтық басқармасының мәліметі бойынша 31 адам азаматтығы жоқ тұлға деп тіркелді, өткен жылғы мәлімет бойынша 92 адам тіркелді,-деді ол.

Аймақтық өкілдік жаһандық деңгейде азаматтық мәселесін кейінгі он жылдықта толықтай шешуді жоспарлаған. Және сол жоспарды жүзеге асыру мақсатында «Мен – адамзаттың бөлшегімін» деген жаһандық шараны өткізуді көздеген. Құқықтары шектелген азаматтарды қоғамның бөлшегіне айналдыруға, мемлекеттің қорғауына кіргізуге бағытталған бұл жоба миллиондаған адамдардың өмірін жақсартатынына сенімі зор.

Ханым ҚУАТ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары