Бүгін халық алдында есеп берген Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жұмысқа тұрғысы келмей, ата-анасының мойнында масыл боп отқан жас жігіттерді сынап тастады.
"Ауылдарға барасың, тепсе темір үзетін жап-жас жігіттер жұмыс жоқ деп отырады. Мен оларға мал бағыңдар, құр қарап отырмаңдар деп айтамын. Жоқ. Бәрі мұнайшы болғысы келеді. Ал, біздің елде мұнайшы мамандығы ары кетсе 100 жыл бұрын ғана пайда болған шығар. Оған дейін де адамдар жұмыс істеп, өмір сүрді ғой", - дейді ашуланған облыс әкімі.
Сапарбаев мұндай жігіттерге өз өздерін жұмыспен қамтып отқан мүгедек жандарды мысалға келтірді.
"Мүгедек жандар жұмыс істеуге, ақша табуға ұмтылып жатқанда сап-сау азаматтардың жұмыс жоқ шағымданғаны ұят. Қазір қартайған ата-анасының зейнетақысына немесе көпбалалы әйелінің жәрдемақысына күн көріп жүрген сап-сау жас жігіттер аз емес. Жұмыс істеймін деген адамның екі қолына бір күрек табылады", - деді Сапарбаев.