$ 494.87  520.65  4.91

Шымкент зообағының бұрынғы қызметкерлері аң-құстардың қырылып қалғанын айтты

Шымкент зообағы тағы да дау-дамайдың ортасында қалды деп мәлімдеді КТК телеарнасы. Хайуанаттар бағының бұрынғы қызметкерлері мұндағы жан-жануарлардың жаппай қырылып жатқандығын айтып, заң органдарына шағым түсіріпті. Өлген аң-құстың қатарында Қызыл кітапқа енгендері де аз емес көрінеді. Алайда, мекеме басшылары мұның бәрін тек жабылып отқан жала деп ақталуда.

Зообақтан қуылған бұрынғы сатушылар да жаңа басшыларға наразылықтарын білдіріп отыр. Айтуларынша, жеңіл дүңгіршектердің орнына бетоннан ғимараттар тұрғызыла бастапты. Мұны арнайы мамандар тексеріп, жан-жануарларға кері әсері бар-жоғын анықтау керек дейді олар. Өйткені, қандай да бір өзгерістерді аң-құстар теріс қабылдауы мүмкін.

Ал, хайуанаттар бағының бұрынғы директоры Сейдула Жұбаевтың айтуынша, зообақ аумағында салынып жатқан технопарктің құрылысын жедел тоқтату керек. Өйткені, мұнда ең алдымен жағдай адамдарға емес, жануарларға жасалуы тиіс дейді ол. Мәселен, жуырда ғана аю белгісіз себептермен өз қонжықтарын жеп қойса, екіншісі өліп кетіпті. Өйткені, маңайда боп жатқан өзгерістер оған кері әсерін тигізген дейді экс-директор.

Мекеменің бұрынғы қызметкерлері де өлген аң-құсты санай кетті. Тек 2017 жылдың өзінде 55 жануар қырылып қалған дейді олар. Кәріліктен өлгендері өз алдына, тоққа түсіп немесе байқаусызда майып болып өлген мақұлықтар да бар көрінеді.

Ал, зообақтың қазіргі директоры Нұрғазы Бұхарбаев болса мұның бәрі жабылған жала дейді. Өйткені, былтыр өлген жан-жануар саны шағымданушылар айтқандай 55 емес, 25 екен. Олардың өздері кәріліктен өлді дейді директор. Ал, Сейдула Жұбаев басқарған 2014 жылы 68 аң-құс қырылып қалған. Есесіне, Бұхарбаев бақтағы жануарлар санын 2 мыңнан 2,5 мыңға дейін көбейткенін айтып мақтанды.

Арызданушылар шағымдарын прокуратураға жеткізген. Заң органы арызды қабылдағанымен әзірге түсінік беруге асығар емес.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары