Танымал журналист Дана Нұржігіт атышулы Айжан Байзақованы басты рөлге түсірген Азамат Сатыбалдының көрегенділігін сөз етті. Оның айтуынша, фильмде ол бойжеткеннің шынайы болмысын дәл көрсеткен. Бұл туралы журналист Асхат Садырбайдың «Үлкендердің әңгімесі» атты жобасында айтты.
«Танымал әуе компанияның ұшағында отырып, режиссер Азамат Сатыбалдының "Бір сен үшін" фильмін көрдіп қалдым. Басты рөлде екі әйел бар. Жағымсыз рөлде ойнайтын актриса ретінде таңдалған Байзақованың абыройсыздығын көргенде мен Азаматтың режиссер ретіндегі көрегенділігіне таңғалдым. Себебі, Байзақова фильмде де жағымсыз кейіпкерді ойнайды. Азамат та Байзақованың көзінен пендешілікті көрген. Демек, Байзақованың бойында ондай қылық бар. Көп ұзамай түнгі клубтағы абыройсыздығы елге жария болды және ол оны тереңдете түсті. Сұхбат берді. Бірнеше күн абақтыға жабылды және соны жария етті. Бұл көрініс қоғамдағы нені көрсетеді?
Біз әйел туралы көп айтамыз. "Әйел бақыты" хабарын ашамыз. "Бақытты әйел" бағдарламасын ашамыз. Әйелді бақытқа жету жолындағы агрессивті тәсілдерін жарнамалаймыз. Ол қалай болғанда өзін өзі сата білу керек дегенді көп айтамыз, жәрмеңкеге шығарылған тауар болуды әбден бойына сіңірген. Мына жабайы рыноктың шарты тірі тауарға айналған әйел. Сол санасын жаулап алған. Ер-азамат келіп, менің көңілімді аулап жүріп, менің жолымды торуылдап жүріп, оның менің жанымда жүретін адам ретіндегі қасиеттері бар ма деп бағалаудың орнына, ол өзін тауар секілді сатады. Қандай қасірет бұл?! Абыройсыздық. Мен әйел адамның Алладан кейінгі құдіретін жатырыма бала біткенде түсіндім. Бәрі әйелден басталатынын түсіндім. Бұл ғажап қой», - деді Дана Нұржігіт.