«Муз ТВ» жүлдесін ұйымдастырушылар шоу-бизнес жұлдыздарымен бірге қызыл кілемге шығасыңдар деп уәде берген балаларды көптеген репетициялардан кейін «сахна сыртында» қалдырған.
DARA қайырымдылық қорының негізін қалаушы Гүлнар Досаева бұған Білім министрлігінің шенеуніктерін кінәлауда.
Мүмкіндігі шектеулі балаларға қол ұшын беретін DARA қайырымдылық қорының негізін қалаушы Гүлнар Досаева сахнаға шығамыз деп сенген кішкентайлардың үміті ақталмаған соң әбден көңілдері қалғанын өз Facebook парақшасында: «Дәулетияров мырза бізге сенгісіз ұсыныс жасады: мүмкіндігі шектеулі балаларды жұлдыздармен бірге қызыл кілемге шығарамыз деді. Мен бұл мүмкіндіктің берілгеніне қуанғаннан есеңгіреп қалдым. Бұған «Жұлдызай» байқауының жеңімпаздары әбден лайық деп шештік. Өздерінің мүгедектер арбасына таңылып, қара көзілдірік пен есту аппаратымен жүргендеріне қарамастан, мақсаттарына еңбекқорлығымен жете білген дарынды жеткіншектерді ұсындық. Олар еліміздің әр облыстарынан жиналды. Сонда бұл жаңалықты естіген балалар мен олардың ата-аналары нендей күй кешкенін айтпай-ақ қояйын. Бірақ Білім министрлігінен келген біреу «сүйкімді емес» балаларды 100-миллиондаған арна аудиториясына көрсетуге болмайды деп шықты. Ол орнына сүйкімді, әдемі киінген, күтімі бар балаларды шығару керек деген шешім қабылдаған. «Ұятқа» қалмас үшін», — деп жазды.
Досаеваның айтуынша, балалар іс-шараға толықтай дайын болып, шығу сәтін тағатсыз күтумен болған. Алайда шоуға шығуға бір сағат қалғанда олардың орнына өзге балалар шығатынын айтқан.
«Қаншама дайындық пен үміт далада қалды. Қызыл кілем су астында қалды. Бұның себебін білесіздер ме? Себебі, мүгедек балаларды ренжітуге болмайды. Себебі, балалар жыласа, аспан да жылайды», — деп күйінішін білдірді Досаева.