$ 498.34  519.72  4.85

Таразда 3-сынып оқушысын зорламақ болған педофилді такси жүргізушісі ұстап алған

Таразда азғындық жасады деп айыпталған азаматты жергілікті тұрғын ұстап берді. 61 жастағы таксист жәбір көруі мүмкін делінген оқушының ұстазымен бірігіп оны қолға түсірген. Сол сәтте 21 жастағы жігіт арам ойын жүзеге асырғанын мойындаған. Алайда мектеп директоры мен полицейлер бұл сөзді теріске шығаруда деп мәлімдеді КТК телеарнасы.

Әлеуметтік желіде 8-ші мектепте оқитын 3-ші сынып оқушысын зорламақ болды деген күдіктінің суреті жарияланған. Ертесіне іздеуде жүрген азаматты оқушы қыздың мұғалімі көріп қалып, оны қолға түсіруге таксистен көмек сұрайды. Бекболат Досанов дәл осы жерден күдіктінің соңына түскен. Ол бағдаршамның қызыл түсіне де қарамай қашқынды қуған. Ал, күдікті тек тротуармен жүгіріп отырған. Бірақ, алысқа ұзай қоймады. Осы тұсқа келгенде үйлердің арасына кіріп жасырынбақ болса керек. Алайда таксист оған мүмкіндік бермей, қолынан шап беріп ұстаған. Азғындық жасады деп айыпталған азамат еш қарсылық көрсетпеген.

Күдікті ұсталған замат жасаған қылмысын мойындап, оқушыға қалай азғындық істегенін тәтпіштеп айтып беріпті. Мұны куәгерлер видеоға түсіріп алып, әлеуметтік желілерге таратып жіберген.

Ал, мектеп директоры шәкіртін зорланған жоқ деп отыр. Оған медициналық тексерулер дәлел дейді. Сондай-ақ, ол оқиғаның қалай болғанын түсіндіріп берді. Айтуынша, оқушыны жақындары мектепке жеткізбей қалдырып кеткен. Сол сәтте 21 жастағы күдікті жеткіншекті күштеп подьезге кіргізіп алған. Бірақ арам ойын жүзеге асырып үлгермепті. 

Қамаудағы жігіттің жүйке жүйелері ауруханасында 10 жылдан бері тіркеуде тұрғаны анықталған. Қазір осы дерекке қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Бір қызығы, тәртіп сақшылары күдіктіні таксист емес, өзіміз ұстадық деп жарияға жар салуда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары