02.04.2018, 11:30

Ақтөбе тұрғыны жасына толмаған сәбиін бейтаныс әйелдің үйіне тастап кеткен

Ақтөбенің 32 жастағы тұрғыны өзінің кішкентай сәбиін мүлдем бейтаныс әйелдің үйіне апарып тастап кеткен. Бұл туралы облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлады.

Департамент өкілінің айтуынша, 26 наурыз күні полиция бөлімшесіне жергілікті тұрғындардың бірі арызданып келген. Оның айтуынша, бейтаныс әйел 2017 жылы туған сәбиін тастап, өзі белгісіз бағытқа қашып кетіпті. Аталған жайт бойынша ҚР Қылмыстық кодекстің 104-бабымен іс қозғалып, сәбидің анасын іздеу шаралары жүргізілді", - делінген аталған хабарламада.

Баланың анасы 27 наурыз күні табылып, полицияға жеткізіліпті. Оның не үшін мұндай қадамға барғаны айтылмай отыр. Қазір әйел уақытша ұстау абақтысында. Сәби болса "Үміт" балалар үйіне орналастырылған.