Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық сотында "Гарант" дүкендері аумағында "деструктивті ағым мүшесі" деген күдікпен ұсталған Бақытжан Ізтілеуовке үкім шығып, үш жарым жылға бас бостандығынан айырылды деп хабарлайды Азаттық.
Сотта айыпталушы Бақытжан Ізтілеуов пен оның адвокаты және прокурор процессуалдық келісімге келгенін мәлімдеді. Бақытжан Ізтілеуов тағылған айыпты толық мойындайтынын, ісіне өкінетінін және кешірім сұрайтынын айтты. Прокурор мен адвокат процессуалдық келісім кезінде айыпталушының кәмелет жасқа толмаған балалары және бірінші топтағы мүгедек анасы бар екені, бұрын сотты болмағаны, кінәсін мойындап, шын өкінетіні ескерілгенін мәлімдеді.
Судья Еркебұлан Төлешов процессуалдық келісім негізінде Бақытжан Ізтілеуовті Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айыпты деп танып, үш жарым жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім кесті. Бұл іс бойынша сот 20 ақпан күні басталған.
Бақытжан Ізтілеуов 2017 жылы 22 қыркүйекте ұсталып, қамалған. Ол Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлімі ("Жария түрде немесе ақпарат құралдары арқылы діни араздықты қоздыру"), 256-бабының 1-бөлімі ("Терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру") бойынша күдікті деп танылған. Бұған дейін оны қамауға алу мерзімі бірнеше рет ұзартылған.
Бақытжан Ізтілеуовпен бірге бір күнде, Сарыағаш қаласында ұсталған Алпамыс Жүсіпбеков пен Жетісай қаласында ұсталған Самат Борашев Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігімен ("Жария түрде немесе ақпарат құралдары арқылы діни араздықты қоздыру") айыпты деп танылып, бас бостандығы үш жарым жылға шектелген.