$ 498.34  519.72  4.85

Ақтөбе тұрғыны гараж саламын деп көшедегі ағаштарды кесіп тастаған (ВИДЕО)

Ақтөбе тұрғыны өз үйінің жанында бұрыннан өсіп тұрған ағаштарды кесіп тастады. Мұны көршілерінің бірі бейнекамераға түсіріп алып, жергілікті билік өкілдеріне әлеуметтік желі арқылы шағымданған.

Видео кешкі уақытта түсірілгендіктен, ондағы адамдардың түрлері көрінбейді. Бірақ, әңгімелерінен ағаштардың рұқсатсыз кесілгенін анық аңғаруға болады.

«Тұрғындар тұратын жердегі ағаштарды мына кепкадағы адам заңсыз шауып жатыр. Бұл қалай болғаны? Тайбеков көшесінде он жылдан бері тұрып келемін. Қаладағы ең шаң көп болатын көше бұл. Үйдің ауласына өзіміз ағаш отырғыздық. Ал мынау болса соларды шауып жатыр. Өзі бірде-бір түп ағаш отырғызбаған», – дейді видео авторы.

Дегенмен, ағаш шабушының да өз уәжі бар. Ол жергілікті биліктен рұқсат алғанын, бірақ құжаттарды үйінде ұмытып кеткенін айтады.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың рұқсаты бар. Құжат үйде қалып қойыпты. Бұлардың орнына жаңадан ағаш отырғызамын. Қазір отырғызғаныммен тез өсіп кетеді. Содан кейін бірінші шауып тастауды жөн көрдім. Мен гараж соғып жатырмын», – дейді ол.

Ал, Ақтөбе қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің өкілі болса әлеуметтік желіде жарияланған видеоматериал астына бұл заңбұзушылыққа қатысты арнайы шара қолданатындарын жазды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары