Астаналық жігіт өзінің бұрынғы сүйіктісін оңдырмай сабап тастаған. Бұл туралы жәбірленушінің өзі баяндап берді.
Тамара (аты өзгертілді) бір жарым жыл бойы өзін ұрып соққан жігітпен кездесіп жүрген. Кейін арақ ішіп, қол көтере бастаған «сүйіктісінен» шаршаған қыз дереу айырылысыпты. Бірақ биыл ақпан айында қарым-қатынастарын қайта қалпына келтіру үшін жігіт түн ішінде қызға ішімдікке сылқая тойып келіп, білгенін істепті.
«Павел (аты өзгертілді) келе салысымен менің шешемнен түк қалдырмай боқтай жөнелді. Сосын ұра бастады. Әбден төмпештеп, сабады. Бет-аузым қара қан болды. Жедел жәрдем шақыруын сұрап едім, айтқанымды істемей, мені тыныштандыруға тырысты. Сосын далаға қарай қаштым. Бір полицей бізді ауруханаға жеткізді», – деп қыз бала бет-сүйегі сынғанын дәрігерлер арқылы білгенін айтты.
Тамараның сол түні өмірі 180 градусқа өзгерген. Тіпті содан бері қыз бала түнімен шошып оянып, қорқынышты түстер көреді екен.
«Павел маған жиі қоңырау шалады. «Арыз жазсаң көресің осыдан» деп қорқытады. Маған басында емделуге ақша беремін деп уәде берген. Бірақ менің бетім оңайлықпен қалпына келмейтіндіктен, оған көп қаражат керек. Ол қазір азғантай дәрілерге ғана ақша беріп жүр», – деп жалғады сөзін Тамара.
Қыз бала бұрынғы жігітінің 2000 жылдың басында істі болғанын айтып қалды. Павел ол кезде кикбокспен шұғылданыпты. Сөйтіп, бір адамды оңдырмай ұрып, жігіт қатты жарақат алған.
«Іс қазір сотқа жетті. Одан тек ақша өндіріп алғым келеді. Оны түрмеге отырғызсам маған көк тиын да төленбейді», – деп жылап жібереді бойжеткен.
Қыз бала қазір жұмыссыз болғандықтан тамақтануға туыстарына күні қарап отыр. Кезінде жарнама агенттігінде істеген қыз енді емделмесе, еңбекке жарамсыз болып қала бермек.