«Алматы» ауданының 59 нысанында өрт қауіпсіздігі нормаларының қаншалықты сақталатыны тексеріліп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің рсеми сайты.
Бүгін «Алматы» ауданы ТЖ басқармасының қызметкерлері Astana Mall сауда ойын-сауық орталығына кезектен тыс тексеріспен барды.
«Бүгін біз осы ғимаратта бірнеше олқылықтың бар екенін анықтадық. Мысалы, қосымша шығу есігі құлыпталған. Бұл – өте өрескел бұзушылық. Осыған орай, тиісті көлемде айыппұлдар төленуі қажет. Менің тапсырмам бойынша ТЖБ ертең аталмыш нысанды тексеруге кіріседі», - деді аудан әкімі Әділбек Сәрсембаев.
Қазіргі таңда Astana Mall СОСО-да 12 шығу есігі бар. Олардың оны – эвакуацияылық есіктер.
«ҚР Бас прокуратурасының нұсқауы мен Ішкі істер министрінің бұйрығына сәйкес біз кезектен тыс тексеріспен шықтық. Бүгінгі олқылықтардың барлығы құқықтық статистика органдарында тіркеліп, арнайы есепке алынатын болады. Ал ертең тексеріс жұмыстарын бастайтын боламыз. Біз қосымша эвакуациялау есіктерінің бірі жабық екенін анықтадық. Ілулі тұрған белгілерден адамдардың ғимаратқа бір есіктен кіріп, сол есіктен шығатынын байқауға болады. Бұдан бөлек, көлемді белгілердің, навигацияның жоқтығы анықталды», - деп мәлімдеді «Алматы» ауданы ТЖБ-ның басшысы Нұрлан Омаров.
Айта кетейік, елорданың «Алматы» ауданында 59 сауда нысаны мен 3 ойын-сауық орталығы бар. Бүгінге дейін «Алматы» ауданының ТЖБ аталмыш нысандардың бесеуінде тексеріс жұмыстарын жүргізіп үлгерген. Тексеріс жұмыстары, сондай-ақ, ірі тұрғын үй кешендерінде де жүргізілмек. Барлық нысандар кестеге сәйкес тексерілетін болады.