Астанада мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласының бір жылдығы қорытындыланды. Жоба жетекшілері 12 ай ішінде атқарылған жұмыстарды тізіп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Мемлекет басшысының ауқымды жобасы осыдан тура бір жыл бұрын жарияланған. Бағдарламаны жүзеге асыру барысында «Туған жер», «Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясы», «Қазақстанның 100 жаңа есімі» секілді 6 бағыт айқындалды. «Сокралды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Алматыда тарихтағы киелі кезеңдерді қамтитын орындардың анықталғанын айтты.
Айта кетейік, Алматыдағы киелі орындардың картасын әзірлеумен «Қасиетті Қазақстан» орталығы айналысқан болатын. Осы іріктеу жұмыстары барысында Алматының өзінен 7 нысан республикалық картаға енгізілді.
«Тәуелсіздік монуметі», «Желтоқсан ескерткіші» секілді тарихи орындардың бәрін қамтуға тырыстық. Сосын елге еңбегі сінген «Кеңсай» зиратында жатқан ұлы тұлғаларды да қостық. Олардың арасында Райымбек батыр бабамыз да бар. Осындай тарихта өз орны бар дегендердің бәрін де назардан тыс қалдырмадық», – дейді «Сокралды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы.
Әдбіғалиұлы «Медеу», «Көктөбе» секілді заманауи орындарды туристік саланы дамыту мақсатында да қолға алып, жөндеу жұмыстарын жүргізетіндерін айтып қалды.
Жоба аясында биыл «Боралдай сақ қорғаны» археологиялық саябағы салынып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Және Қазақстанның киелі орындарына арналған 4 фильм түсіріліп, 4-еуі де 5 тілге аударылмақ.
Киелі нысандар тізімі Ә. Х. Марғұлан атындағы Археология институты, Ш. Ш.Уалиханов атындағы Тарих және этнология институты, Мемлекеттік тарих институты ғылыми ұжымының алқалық іріктеу жүргізу жолымен жасалған. 2017 жылы Қазақстанның киелі орындарының бастапқы тізіміне 574 нысан алынып, жеке-жеке зерттеліп жатыр.
Қазақ халқының өткен өмірін бейнелейтін тарих және мәдениет ескерткіштері мен табиғат нысандарының көптігіне байланысты ғылыми ұжым өз жұмысын әрі қарай жалғастыра бермек. Яғни археолог, тарихшы, этнолог, филолог, шығыстанушы және өлкетанушы ғалымдар жұмыла күш жұмсап, елбасы бағдарламасын жүзеге асыру жолында қажырлы еңбек етуге білек сыбанып отыр.