$ 447.4  477.55  4.76

Көкшетауда сот орындаушысының өзі сот шешімін орындамай келеді

Сот орындаушысының өзі сот шешімін орындамай отыр! Көкшетауда баласына бірнеше жылдан бері алимент төлемей жүрген Сәбит Бегеновке қатысты оның бұрынғы әйелі шағымданды. Бегеновтің алимент үшін қарызы 1 миллион 400 мың теңгеге жеткен. Сотта 4 рет қаралған іс бұрынғы жұбайының пайдасына шешілсе де, одан әзірге нәтиже шықпай тұр. Айта кетейік, Сәбит Бегеновтің өзі жеке сот орындаушысы болып істейді.

Шолпан Сәбит Бегеновпен 10 жыл отасқан. Ажырасып, басқа әйелге кетіп тынған отағасы 3 жылдан бері алимент төлемейді екен. Жалғызбасты ана 13 жасар оқушыны бір өзі тәрбиелеп отыр. Сәбит 10 жасқа дейін еркелетіп өсірген қызын аз уақытта ұмытыпты. Балаға да оңай болмай тұр дейді Шолпан. Бәрінен бұрын, сот шешімін сот орындаушысының өзі орындамай жүруінің себебі де бар сияқты.

Сәбит Бегенов бүгінге дейін Көкшетаудағы әділет саласында талай қызмет атқарған. Халыққа қызмет көрсету орталығы басшысының орынбасары, жылжымайтын мүлік орталығының бөлім басшысы, тіпті Ақмола облыстық жеке сот орындаушылар палатасының төрағасы болды. Сондықтан қазір сот орындаушыларының бұрынғы басшыға сөзі өтпей жатыр,- дейді Бегеновтің бұрынғы әйелі.

Мейірбике болып жұмыс істейтін Шолпан бұрынғы күйеуінен алимент өндірудің жолын іздеп, оның басшыларына дейін барып шағымданған. Бірақ нәтиже шығар емес.

«Ол – көпжылдық еңбек өтілі бар білікті заңгер. Бәрін біле тұра, заңды өзі бұзып отыр. Маған пәтер бердім дейді. Бірақ алиментті қандай да бір мүлікпен шатастыруға болмайды ғой. Бұлар бірінің артын бірі жауып отыр. Ол берген пәтердің несиесін өзім төлегенмін. Онымен қоймай өз атыма алу үшін талап еткен 1 жарым миллион теңгесін де бердім»,-дейді шағымданушы Шолпан Бегенова.

«Пәтер, көлік бәрін қалдырғам. Өзімнің балаларым ғой. Шолпанмен 13 жастағы бір қызым бар. Ал Арайда жасы 15-тен асқан 1 қызым бар, ол Астанада. Үшінші отбасыммен араласып жүрмін»,-деп түсіндірді Ш.Бегенованың бұрынғы күйеуі Сәбит Бегенов.

Сонымен, 3 әйелден 6 баласы бар Сәбит Астанадағы 1 бөлмелі пәтерді алиментке айырбастамақ болып, бұрынғы әйелінен қолхат алған. Кейіннен қыздың анасының шағымымен ол қолхат сот арқылы күшін жойыпты. Өйткені «Неке және отбасы туралы» заң бойынша алиментті отбасындағы дүние мүлікпен ауыстыруға болмайды екен. Осыны білсе де, сот орындаушысы 3 жылдан бері 1 миллион 400 мың теңге тиісті алиментін төлемей келген.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары