24.04.2018, 05:44

Болашақты болжай білетін кемеңгердің ісі

Елбасының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы еліміздің білім саласына үлкен серпіліс әкелді. Қазақ баласының білім көкжиегін кеңейтуге ғажайып мүмкіндіктер туды. Әлемдік тарихтағы ақыл-ойдың көрнекті корифейлерінің бағалы кітаптарын оқу бір кездері құр қиял ғана болып келсе, енді өмір шын­дығына айналды. Ғұлама ғалымдардың жоғары деңгейдегі маман­дардың талқысынан өтіп, іріктеліп, сұрыпталған бағалы кітаптарына бүгінгі ұрпақ қол жеткізді. Бұл да бір баянды жол. Осыған дейін қазақ баласы Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы. Сократтан Дерридаға дейін»; Рикки У.Гриффиннің «Менеджмент» кітап­тарын оқымақ түгілі, армандап та көрген емес. Міне, аталмыш жоба­ның арқасында Қазақстанның білім жүйесіндегі кітап қоры ерекше құнды дүниелермен толықты. Ендігі жастар оқу іздеп, білім қуып, мұхит асып кетпейді. Мемлекеттік бюджеттің қоржынына да салмақ салмайды. Бұл бастама болашақты көрегенділікпен саралап, болжай білетін кемеңгердің ісі.

Әрбір оқулық 10 мың данамен басы­лып, алдағы бір айдың ішінде жоғары оқу орындары мен кітапxаналарына тара­тылып, биылдан бастап оқу бағдарлама­сына енгізіледі деген қуанышты хабарды естіп, асыға күтіп отырған жайымыз бар. Сон­дай-ақ, барлық оқулықтың элек­тронды нұсқалары және соның негізінде әзірленген бейнедәрістер топтамасы Қазақ­станның ашық университеті платформасы (OpenU.kz) арқылы таратылатыны да көңілімізге медеу болып тұр. Елбасының: «Негізі, кітаптардың барлығы менің үстелімде жатыр. Бір аптадан бері отырып, бәрін парақтап, біз оқыған кезде қолға тимеген дүниелер екеніне көзім жетті. Менеджмент болсын, басқару болсын, бәрін біліп-танып жатырмыз ғой. Бірақ мынау псиxология, тіл тариxы сияқты ғылым сала­ларымен терең танысқанымыз жоқ. Ағылшын тілінде оқыған жастарымыз оқыған шығар. Бірақ қазақтың баласы әлі таныспаған. Сондықтан біз бір жағынан қазақ тілін байытып, екінші жағынан білімді одан ары өсіреміз деп, осы жобаны қолға алып отырмыз» деген сөзі жаңа кітаптарға деген қызығушылығымызды арттыра түсті.

Аударма жұмыстарын қарқынды жүргізу үшін арнайы «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры құрылғаны да бұл бастаманың бағыты айқын екенін көрсетеді. Аударылған кітаптармен ғаламтор арқылы танысып шықтым. Алғашқы 18 оқулық­тың глоссарийі негізінде 3 мыңнан астам ғылыми терминдер мен ұғымдар жина­лыпты. Алғашқы оқулықтардың ішінде Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы. Сократтан Дерридаға дейін»; Орта ғасыр философиясы» ІІ томы; Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы»; Эллиот Аронсонның «Көпке ұмтыл­ған жалғыз. Әлеуметтік психоло­гияға кіріспе»; Дуэйн Шульц, Дэвид Г. Майерс, Жан М.Туенждің «Әлеуметтік психология»; Рикки У.Гриффиннің «Менедж­мент»; Виктория Фромкин, Роберт Родман, Нина Хайамстың «Тіл біліміне кіріспе»; Светлана Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация»; Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революциясы» бар екен. Осы баға жетпес құнды кітаптарды қазақ тілінде зуылдатып оқи беретін боламыз деп кім ойлаған. Мысалы, Карен Армстронг алғашқылар­дың бірі болып «Будда пайғамбар — Кассак патшасының ұлы» деп жазған. Бұрын-соңды білім саласында болмаған тың дүние. Басқа тілдерді меңгермеген ауыл балалары үшін таптырмас олжа десек болады. Бұл бастама Елбасымыздың кемеңгерлігін көрсетеді.

Бұл жобаның артықшылықтары қандай дегенге келсек, жоба «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» деп аталғанмен, 1000, 2000 оқулық болып жалғаса беретіні сөзсіз. Мұның өсіп келе жатқан жас ұрпақ үшін маңызы зор. Оны сөзбен жеткізу өте қиын. Айтқанға оңай болғанмен, аударма деген бейнеті мол, машақаты көп жауапты жұмыс. Бұл жобаның басқа жобалардан артық­шылықтары көп. Біріншіден, кітап­тардың түпнұсқадан бірден қазақ тіліне аударылуы. Бұрын біз бір дүниені қазақ тіліне аудару үшін алдымен орыс тіліне жүгінетінбіз. Екіншіден, аударылған кітап­тардың тегін таратылуы. Кейде «Мәдени мұрамен» шыққан кітаптарды таба алмай жатамыз. Үшіншіден, үлкен ұжымның дайындап, іріктеп беретіндігі. Жуырда ғаламтордан шетелдік бір жобаны байқап қалдым. Американың физиктері мен идео­логтары бірігіп, Құдайдың бар екендігін ғылыми деректермен нақтылап дәлелдеп беріпті. «Құдайдың бар екенін білу үшін, оның бізге көріне беруі міндетті емес» делінген бұл кітапта. Осы жаңа кітаптар да елімізде көбірек қамтылса, жақсы болар еді. Ең бастысы — Қазақстан еліне керек деген кітапты таңдап аудару қажет. Елбасы­мыздың осы шараға өзі қатысқаны бәрімізді қуантып отыр. Бұл жоба шетелдік авторлар үшін де үлкен бедел. «Сіздің кіта­быңыз Қазақстандық ең үздік 100 кітаптың ішіне кіріпті» десе, үлкен мақтаныш емес пе?! Болашақта Оксфорд, Кембридж, Гарвард сияқты бірінші сатыдағы жоғары оқу орындарының білім бағдарламаларына енген кітаптар аударылса, біздегі жоғары оқу орындары үшін таптырмас қазына болар еді.

Жалпы, аударма ісіне жеңіл-желпі қарауға болмайды. Ол тек аудармашы ғана емес, сондай-ақ өте ақылды және білімді болуы міндетті. Мәселен, Испанияның королі Альфонсо-6 Андалусия мемлекеті­нің жерін басып алады. Сол кезде еуропа­лықтар мұсылмандардың мешітінен, бай­лар­дың үйінен қаптаған кітаптарды көреді. Кітаптың бәрі араб тілінде екен. Содан Испанияның королі аудармашы іздеп, араб, испан тілдерін еркін меңгерген Ибн Рушта деген ғалымды тауып, кітаптарды испан тіліне аудартады. Ғалым кітапты жәй ғана аудара салмай, түсіндіре отырып аударады. Аристотельді еуропалық ғалымдар түсін­беген соң, ол түсіндірмелер жазады. Оның ішінде медицина, астрономия, математика, барлық ғылым бар екен. Сондағы алғашқы аударған кітабы Ибн Синаның кітабы деседі. Испандардың тілі келмей, оны Авицена деп, ал ғылымды — медицина деп атап кетіпті. Медицина сөзінің өзі осыдан шық­қан. Аудармашының лақап аты Аверой (Averroes) — Комментатор деп тарихта қалған. Президентіміз глоссарий мәселесін айтып қалды. Бұл өте дұрыс. Сирек кездесетін сөздерге түсініктеме берілу керек. Кейде тіпті терминдерді түсіндіру де оңай емес. Онымен қоса, әр кітапқа қосымша түсіндірме кітаптар жазған дұрыс болар, бұл басқа ғалымдар­дың жұмысы.

Осы ретті пайдаланып, тағы бір мәсе­лені қозғай кетсем деймін. Қазақстанда техника саласындағы кітаптар жетіспейді. Озық техника мен технологияның өркен­деуінен шет қалып барамыз. Біз заманның ағымынан кеш қалудамыз. Қазіргі кезеңде роботтар туралы кітаптар өте маңызды. Алысқа бармай-ақ қоялық. Ресейдегі Сбербанктың президенті Герман Греф 2000 робот сатып алыпты. Қазір Сбербанкте адамдарға мамандар емес, роботтар қызмет көрсетуде. Сол 2000 роботтың біразын Алматыдағы Сбербанктың 3 филиалына әкеп қойыпты. Сондықтан робототехника туралы кітаптарды да аударған жөн болар еді. Мәселен, біздің «Қайнар» академиясы кітаптардың басым бөлігін сатып алады, жазғызып алатын кездеріміз де бар. Қазіргі күнде кітаптарды ғаламтор арқылы тапсырыс беріп, алуға да болады. Көптеген кітаптардың электронды нұсқалары бар.

Бүгінге дейін Еуропаның ең мықты оқу орындарында оқытылатын кітаптарға сол университеттердің кітапханаларымен келісім-шартқа отыру арқылы қол жеткізіп келдік. Америка, Канада университет­терімен тығыз байланыс жасаймыз. Фран­ция­дағы СЕДИМЕС институтымен қарым-қатынасымыз жақсы. Бұл универ­ситеттердің кітаптары бізге тегін беріледі. Бұл үрдіс келісім-шартқа отыру арқылы жүзеге асырылады. Кезінде Александрия кітапханасымен де келісімге келгенбіз. Бірақ бір қиын жері: кітаптардың бәрі өз елдерінің тілінде жазылған. Яғни француз, ағылшын, неміс, испан тілінде жазылған. Осы шараны біз аудару арқылы жүзеге асырып жүрміз. Ал енді мына «100 жаңа оқулық» жобасы біздің осы мәселелерімізді шешіп беріп отыр. Бұл өте қуантарлық жағдай. Аударылған кітаптардың элек­тронды нұсқаларын да қолға алу керек.

Қазіргі жағдайға қарап отырсақ, тест жүйесі шыққаннан бері кітап оқу үрдісі қалып барады. Студенттер күндіз-түні тест жаттауға ғана дағдыланып барады. Ең оңтайлы жолы деп анықтаманы ашады. Жас балдырғаннан бастап, бәрі компьютер мен смартфонды шұқылап отырады. Тіпті қыз бен жігіт кездесуге барса да, қолдары­нан смартфон, планшеттерін тастамайды. Бала мектеп қабырғасынан кітап оқуға бейімделуі керек. Кейін кеш болады. Біз студенттерді кітап оқуға шақыру үшін арнайы конференция, семинарлар өткізе­міз. Кітап авторларымен кездесулер ұйым­дастырамыз. Университетімізге барлық зиялы­ларды шақыру дәстүрге айналған. Сонан кейін өз ішіміздегі кітап жазған мұғалім­дердің де еңбектерін балаларға танысты­рамыз. Кітап оқыту бүгінде үлкен мәселеге айналды. Бұл ащы шындық. Осы қиын­дық­тардың алдын алумен келеміз.

Таяуда «Қайнар» академиясында аккре­дитациядан өту басталғалы тұр. Ол үшін астаналық Аккредиттеу және рей­тинг­тің тәуелсіз агенттігінің комиссиясы келе жатыр. Бұл қоғамдық шара өзіңді таныту үшін де керек, мұнда академияның рейтингі де анықталады. Тексеру жұмыс­тары 3-4 күнге созылады. Мұның тағы бір маңызды жері – аккредитация арқылы өз бағытыңды толық анықтауға болады. Комиссия өздерінің ойларын ортаға салып, біздің жұмыстың алға басуына өз үлестерін қосуға тырысады. Аккредитация міндетті түрде ашық және жариялы түрде өтеді. Бұны қоғам білуі тиіс. Аккредитация кезін­де мұғалімнен де, студенттерден де барлық қызметкерлер мен жұмыс беруші­лерден сұраулар жүргізіледі. Біздің студент­терді жұмысқа қабылдап отырған меке­мелер де тыс қалмайды. Біздің түлекте­ріміздің қандай жетістіктерге жеткені де қаралады. Академия жұмысы жан-жақты тексеруден өтеді. Комиссияның міндеті — жұмыста кемшілік болса, соны жоюдың жолын көрсету. Ғылыми жұмыстар, шетелдік университеттермен байланыс, тәрбие жұмысы қандай деңгейде жүріп жатқанын тексереді де, баға береді. Осыған орай өзіміздің әзірлігімізді жақсартып жатырмыз, «100 жаңа оқулық» жобасы аясында атқаратын жұмыстарымызға ерек­ше ден қойып отырмыз. Алдағы оқу жылы­нан бастап оларды оқу бағдарламасына енгізу барысында қолға алар шаруалар аз емес. Десек те, сапалы білім беру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайынбыз.

Еренғайып ОМАРОВ, «Қайнар» академиясының президенті, академик.«Алматы ақшамы»