Қарызға белшесінен батқан Алматы қаласының тұрғыны Дана Шингина несие берушілерден қашып жүргенін ИА «NewTimes.kz» порталына айтты.
33 жастағы Дана Қырғызстаннан келіпті. Бірінші күйеуімен ажырасып кеткен ол екінші рет тұрмысқа шыққан. Өзінің айтуынша, өзінен 16 жас үлкен күйеуін алғаш көргенде салмақты адам деп ойлапты. Бірге тұра бастаған олар несиеге үй алып, қарыздарын екі жақтап төлей бастаған. Бірақ автомеханик болып жұмыс істейтін күйеуі бір күні жұмысынан шығып қалады. Сөйтіп такси жүргізушісі болып жұмыс істей бастаған. Содан бастап ол түнімен үйге келмеуді шығарады. Кейін Дана күйеуінің Қапшағайда казинода ойнап жүргенін біліп қояды.
«Соңғы уақытта ол ашуланшақ болып кетті. Бірнеше күн үйде болмайтын. Қайда кеткенін айтпайтын да. Осылай екі жыл жүрді. Әлдебіреулер іздеп келе бастады. Сағаттап көліктерінде күйеуімнің келгенін күтіп отыратын. Ол болса қашып кететін. Бір күні олар күйеуімнің өздеріне қарыз екенін айтты. Қарызды қайтармасаңдар үйлеріңді босатыңдар деп дүрсе қойды. Бұған шыдай алмай мен сол кезде өз-өзіме қол жұмсауды шештім. Асылып өлмекші болдым, бірақ іске аспай қалды», - дейді Дана.
Үйді қайтып өзіне қайтармақшы болған Дана несие алып, қарыздарын қата жаба бастайды. Бірақ күйеуі сонда да казиноға баруын тоқтатпаған. Ол әйелінің қарызынан құтыл деп берген 700 мың теңгесін де казиноға апарып тығады.
Осылайша үйінен айрылған Дана күйеуімен ажырасып, екі баласымен пәтер жалдаған. Алайда, несиесін төлей алмағандықтан коллекторлар оның соңына түсіпті. Жұмыс орнына қайта-қайта келе бергендіктен басшылары әйелді жұмыстан шығарған. Соған қарамастан банк өкілдері оның үйіне жиі келіп, балаларының көзінше қорқытып кететін көрінеді.
«Суррогат ана болып ақша тапқым келді. Бірақ, бала көтере алмадым. кейін интернеттен бүйрек сатуға болатынын білдім. Бір бүйрекке 25 мың доллар береміз деген жарнамаға хабарластым. Олар астаналық дәрігерміз, құжаттарға 150 мың теңге қажет деп, шоттарына аударуды тапсырдым. Жалдап тұрып жатқан үйімнің иесінен қарыз сұрап, ол ақшаны аударғам. Сөйтсем олар алаяқтар екен, тақырға отырғызып кетті. Енді үй иесіне 300 мың теңге қарызбын», - деп жылады жалғызбасты ана.