«Ас – адамның арқауы» деп бекер айтылмаған. Әлемде соңғы жылдары азық-түлікке деген сұраныс артып отыр. Халықаралық ұйымдардың деректеріне сүйенсек, дүние жүзінде халық саны жыл сайын бір жарым пайызға өседі. Бірақ азық-түлік өнімділігі орта есеппен алғанда жылына небары 0,9 пайызға ғана көбейетін көрінеді. Сөйтіп, адамзат баласының өсіп-өнуімен салыстырғанда азық-түлік өндіру 2 есеге кем болып отыр.
ЮНЕСКО 2020 жылға таман азық-түлікке деген сұраныс 85 пайызға өседі деп жорамалдап отыр. Бидай қажеттілігі де артады, қазір ол 600 млн. тонна болса, енді 11 жылдан кейін 800 млн. тоннаға жетеді деген болжам бар. Келешекте әлем бойынша негізгі саясатты азық-түлік экспорттаушы мемлекеттер анықтайтын болады. Сондықтан да еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен және шикізаттың негізгі түрлерімен толық қамтамасыз етіп отырған агроөнеркәсіптік кешенді экономикамыздың тұрақты дамушы секторы деп бағалау керек. Еліміздің ішкі жалпы өнімі көрсеткішімен салыстырғанда ауыл шаруашылығы өндірісінің үлес салмағы 5 пайыздан жоғары. Өндірістің жылдағы өсу қарқыны шамамен 7-8 пайызды құрайды. Экономиканың аграрлық секторын одан әрі дамытуға, әрі осы дамудың арқасында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен экспортты әртараптандыруға барынша көңіл бөлу мақсатында Үкімет қазіргі уақытта нақты шаралар атқарып жатыр. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы белгіленген тұтыну нормативтеріне сәйкес аграрлық өнімдердің негізгі түрлері бойынша ішкі нарық қажетін толық қамтамасыз етіп отыр. Халқымыздың 47 пайызы ауылды жерлерде тұрады. Сондықтан да ауыл шаруашылығын дамыту арқылы ауылдағы әлеуметтік мәселелер шешімін табады. Сондықтан да агрөнеркәсіп кешені ішкі азық-түлік нарығындағы тұрақтылықты сақтауға, ауыл шаруашылығы шикізаты мен тамақ өнімдерінің импортына тәуелділіктен арылуға қол жеткізу қажет. Егін шаруашылығында саланы әртараптандыруға, оны ылғалқор сақтау технологияларын қолдана отырып кеңінен химияландыруға басты назар аударылуда. Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жаңа технологияларға көшуге ынталандыруға бағытталған субсидиялау идеологиясы өзгертілді. Ерекше назар майлы және жеміс-көкөніс дақылдарын өндіру көлемін ұлғайтуға аударылып отыр.
Мал шаруашылығында басты басымдық орта және ірі тауарлы фермаларды құру жолымен өндірісті ірілендіру, кең ауқымды селекция бағдарламасын іске асыру есебінен малдың барлық түрлерінің генетикалық әлеуетін арттыру болып табылады. Мал шаруашылығын интенсифтендіру үрдісін ынталандыру мақсатында құрама жемнің құнын субсидиялау бағдарламасы жалғастырылып жатыр.
Ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу саласында басты бағдар саланы техникалық және технологиялық жаңғырту, өндіріске сапаның
халықаралық стандарттарын енгізу және осы негізде ішкі азық-түлік нарығының тұрақтылығын сақтау және нығайту ғана емес, сонымен бірге отандық тауарлардың сыртқы нарықтарға шығуы болып қала бермекші. Экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту және экспортты әртарап-тандыру бағыты шеңберінде саланың келешегі бар инвестициялық жобаларын қаржыландыру және іске асыру жалғастырылды. Бұл орайда жылыжай шаруашылықтары желісін дамытып, тамшылап суару технологиясын қолдану арқылы жеміс-көкөніс өнімдерінің өндірісін тиімді ұйымдастыру қажет болып отыр. Сондай-ақ құс фабрикаларының желісін құру және сүт-тауарлы фермалардың желісін дамыту, ауыл шаруашылығы техникасын жинау өндірісін құру кезек күттірмейді. Ал, инфрақұрылымы дамыған малды бордақылау алаңдарының желісін құру мен мал сою пунктерін салу, бөлшекті ет және ваккумдық орамда ірі кесекті кесімдерді өндіретін етті қайта өңдеу кешендерін ұйымдастыру, сонымен қатар биязы жүнді өндіруді және қайта өңдеуді дамыту ауыл тұрғындарын еңбекпен қамтуды жақсартатын түбегейлі шараларға айналар еді.