$ 498.34  519.72  4.85

«Жасыл» болашақ қағидасына құрылған кадрлар қажет

Алматы қаласында Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясы мен Қазақстан ұлттық инженерлік академиясы инженерлер мен ғалымдардың «Болашақ энергия көзі: инновациялық сценарий және оны келешекте жүзеге асыру» Дүниежүзілік конгресі тұжырымдамасының жобасын талқылауға арналған мәжіліс өткізді. Конгресс «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін ұйымдастырушылар тарапынан да қолдау тауып, оның негізгі шаралары қатарына қосылды. Аталған академиялар конгрестің негізгі ұйымдастырушылары деп танылды.

Конгрестің мақсаты – әлемнің көрнекті ғалымдары мен инженерлерімен бірлесіп энергия үнемдеу және энергияны тиімді пайдаланудың, энергия үрдістерінің маңызды жетістіктерін – инновациялық технология және техниканың энергетика саласында даму жолдарын, бүкіл әлем елдерінде экономиканың тұрақты дамуы мен өсуі нәтижелерін талқылау болып табылады. Академиялар ұйымдастырған мәжіліс жұмысына Энергетика министрлігінің, Білім және ғылым министрлігінің, «Астана ЭКСПО–2017» ҰК» АҚ-ның басшылары мен өкілдері, Парламент депутаттары, еліміздің ірі өнеркәсіптік, энергетикалық зерттеу және жобалау ұйымдары мен бірлестіктерінің басшылары, белгілі ғалымдар мен инженерлер қатысты. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашақтың энергиясы» мамандандырылған көрмесін Қазақстан үшін жаңа энергетикалық және «жасыл» технологияларды алудың ұлы мүмкіндігі деп атаған болатын. Осының шеңберінде Дүниежүзілік конгрестің өткізілуі – үлкен абырой мен жауапкершілік. Мұндай ірі оқиғалардың басы бір жерге қосылуы әлі болмаған жайт. Мәжіліске қатысушылар конгрестің ЭКСПО-2017 көрмесінің лайықты шарасы болатындығын, қазақстандық ғалымдар мен инженерлердің үздік жетістіктерін паш етіп, жаңа энергетика саласындағы зерттеулер мен әзірлемелер деңгейінің жаңа биіктерге көтерілуіне, әлемдік тәжірибедегі ең прогрессивті технологияларды игеруге, қазақстандық ғалымдар мен инженерлердің халықаралық байланыстары мен беделін нығайтуға серпін беретініне айрықша тоқталды. Басқосуда Қазақ ұлттық техникалық университетінің ректоры, академик Жексенбек Әділов сөз сөйлеп, кадрлық қамтамасыз ету мәселесі төңірегінде егжей-тегжейлі ой-пікір қозғады. Оқу ордасының басшысының айтуынша, болашақ энергетиканың кадрлық мүмкіндіктерін қалыптастыру үшін кәсіби талаптарға сай жоғары білікті мамандарды даярлау қажет. Мәселен, олар: жүйелік ойлау, жоғары белгісіздік пен шарттың тез ауысу жағдайында жұмыс жасау, жобаларды басқара білу, IT-шешім мен бағдарламалау, жасанды ақыл-оймен жұмыс жасау, клиентпен жұмыс, тұтынушы тапсырысымен жұмыс жасау, салааралық коммуникациядағы біліктілік талаптарын меңгерулері қажет.

Сонымен қатар Ж.Әділов энергия көзін өндіру және энергия көзін пайдалану бойынша мамандарды даярлау бағытындағы өз болжамдары мен түрлі көзқарастарды ұсынды. Мәселен, қазіргі жағдайда болашақтың энергетикасын дамыту үшін орнықты «жасыл» даму қағидасына құрылған жаңа білім беру бағдарламаларын енгізу керек. Энергия көзін өндіру және энергия көзін пайдалану (Сколково стратегиялық бастамалар агенттігі) бойынша атқаратын міндеттеріне қарай мамандарды даярлауды жүзеге асыру қажет. Ректор энергия көзін өндіру саласындағы болашақ мамандықтар қатарында энергогенерация жүйесін жетілдіру бойынша менеджер, генерацияның жергілікті және микро жүйесін жасаушы, метеоэнергетик, рекуперация жүйесін жобалаушы, энергия көзін тасымалдайтын құрылғыны әзірлеуші (дизайнер), энергия көзін жинағыштарды жобалаушы мамандықтарын ерекше атап көрсетті. Сондай-ақ, Ж.Әділовтің пікірінше, энергия көзін пайдалану саласындағы болашақ мамандықтар: энергия көзін толтырушы, интеллектуалды энергия тораптарының жүйелі инженері, энергоаудитор, энергетикалық нарық маркетологы, энергия көздерін пайдаланушылар құқығын қорғаушыны құрауы тиіс. XXI ғасырдың болашақ білім беру моделі екі негізгі фактордан – ғылыми және кәсіби дайындықтан тұруы шарт. «Біріншіден, бұл орнықты даму мақсатына бағытталған білімнің басқа салаларға қарағанда озыңқы дамуы. Екіншіден, бұл – болашаққа деген бағыт пен жасыл орнықты қоғам моделін құру», – деді ҚазҰТУ ректоры. Мәжіліс қорытындысы бойынша инженерлер мен ғалымдардың «БЭИСКЖА-2017» дүниежүзілік конгресі тұжырымдамасының қорытынды редакциясын құрастыруға арналған ұсыныстар мен нұсқаулықтар ойластырылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары