$ 448.15  483.46  4.86

Техникалық талаптар ұлттық заңнама тұрғысынан өрбуі тиіс

Соңғы уақытта елімізге Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден арзан автокөліктер көптеп ағылуда. Автокөлік құнының түсуіне ең алдымен Ресейдегі рубль бағамының күрт құлдырауы себеп болғаны айқын. Тек соңғы үш айдың ішінде Ресейден Қазақстанға 36 мыңнан астам көлік емін-еркін кірген. Дегенмен, ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланып қалу үшін көрші елден көлік тасыған қазақстандықтарға сарапшылар техникалық регламентке және Еуро-4 стандартының ең төменгі экологиялық талаптарына сәйкес келмейтін көліктерді сатып алмауға кеңес беруде. Өйткені көп ұзамай оларды елімізде тіркеу мүмкін болмайды.

2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламентіне сәйкес ЕАЭО біртұтас аумағында бұрын қолданыста болған көлік құралдарының қауіпсіздік мәселелері көлік құралдарын техникалық тексеру туралы ұлттық заңнамамен реттеледі. Қазақстан Республикасының «Жол қозғалысы туралы» заңының 61-бабы, 5-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы аумағына әкелінетін бұрын қолданыста болған көлік құралдарын қолданысқа жіберу және оларды уәкілетті органда тіркеу қажетті шарты – Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық келісімшарт талаптарына сәйкес берілген көлік құралдарын техникалық тексеруде қолданылатын сертификат болып табылады. Қолданыста болған автокөліктерді алып келетін заңды және жеке тұлғалар автокөліктің қауіпсіздік нормаларына сәйкестігі жөнінде құжат алулары тиіс. Өйткені кезінде Ресейдің және Белоруссияның есебінде тұрған, ал кейін Қазақстанға жеткізілген автокөліктер Кедендік одақтың «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» 018/2011 жаңа техникалық регламентінің талаптарына сәйкес келетін көліктер болып есептелмейді. Бұл автокөліктер 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін, яғни жоғарыда аталған техникалық

регламент күшіне енбей тұрғанда, өз елдерінің ұлттық талабы бойынша қойылатын сәйкестік бағасынан өткізіліп қойылған. Қазақстанның АвтоБизнес қауымдастығының баспасөз мәліметінде келтірілгендей, қазір көптеген бұқаралық ақпарат құралдарында Ресейден және Белоруссиядан әкелінетін жаңа және ұсталған автокөліктерге сертификаттаудың қажет еместігі айтылып жүр. Бұл қате түсінік. Заңды және жеке тұлғалар Қазақстанға жаңа автокөліктерді әкелу барысында автокөлік құралы типін мақұлдау туралы Кедендік одақтың тиісті құжатын алулары керек. Аталған құжат осы типтегі автокөліктің Кедендік одақ аумағында сапа және қауіпсіздік бойынша қойылатын стандарттарға сәйкестігін растайды. «Көлік құралдарының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жеке түрлерін мемлекеттік тіркеу және есепке алу ережелерін бекіту туралы» ҚР ІІМ-нің бұйрығы бойынша бұрын қолданыста болған көлік құралдарын алғаш рет тіркеу кезінде көлік иесіне көлік құралдарының құрастырылым қауіпсіздігі туралы куәлік беру жөнінде талаптар қарастырылған. Жуырда Ішкі істер министрлігі өзінің аумақтық бөлімшелеріне Ресей мен Беларусьтен келетін көлік құралдарын автокөлікті тіркеу жөніндегі мемлекеттік қызметті көрсету стандартында бекітілген мерзімде тіркеуді тапсырды. Сөйтіп, Қазақстанға көлік құралдарын заңсыз әкелудің жолын кесу мақсатында ЕАЭО мемлекеттерінің өкілетті органдарына көлік құралын есептен шығаруды растау және тіркеу құжатын беру жөніндегі өтініш автокөлікті ішкі істер органдарына тіркегеннен кейін бағытталатын болады. Ал автокөлікті заңсыз әкелу дерегі анықталған жағдайда, ішкі істер органдары заңнамаға сәйкес тиісті процессуалдық шешімдерді қабылдайды. Көлікті Қазақстанға әкеп тіркеу кезінде мамандар криминалдық автокөлік базасы арқылы Ресейдегі ресми органдардан мәлімет сұратады. Барлық көлік құралдары Кедендік одаққа кіру тәртібінің сақталуы бойынша тексерістен өтеді. Өйткені соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдары жиі жазып жүргендей, Ресейден Қазақстанға ағылған «күмәнді» көліктер саны көбеюде. Бұлардың қатарында көрші елдегі кей сатушылардың жалған техникалық

төлқұжат жасағаны туралы деректер де анықталған. Ел азаматтары қымбат көліктер сатып алып, артынша олардың іздеуде тұрғандығы белгілі болған жағдайлар да кездеседі. Бұл ретте сарапшылар қазақстандықтарға көлік сатып аларда оны VIN-код бойынша тексеруді ұсынуда. Аталған код сұрау салуға және көліктің бұрын қайда сатылғанын көруге мүмкіндік береді. Жоғарыда атап өткеніміздей, техникалық регламент бойынша көліктерге қатысты тексеріс ұлттық заңнама бойынша іске асырылады. Демек, көптеген отандастарымыздың шыққан жылына, қуаттылығына қарамастан Еуро-4 стандартына сай келмейтін машиналарды елімізге еш кедергісіз әкелуі еліміздің заңнамаларына қайшы келері анық. Сондықтан ЕАЭО елдерінен автокөліктерді импорттаудың 2015 жылдың 1 қаңтарында күшіне енген жаңа ережелері өзгертілуі мүмкін. Себебі экономикалық кеңістіктен кіргізіліп жатқан көліктердің көбінің қозғалтқышы осы экостандартқа сай емес. Қазақстанда экологиялық тұрғыда «Еуро-4» стандартына сәйкес келмейтін көліктерді енгізуге тыйым салу 2013 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген болатын. 2005 жылы Еуроодақ енгізген осы әлемдік экологиялық стандарт бойынша көліктердің қозғалтқышынан шығатын зиянды заттар қалдығы аз мөлшерде болуы шарт. Сондай-ақ қауіпсіздік құралдары да талапқа сай жабдықталуы тиіс. Сәйкесінше, куәлікті ресімдеу кезінде көлік құралдары қауіпсіздігі бойынша, оның ішінде шығарындылар мөлшеріне қойылатын талаптардың орындалуы тексеріледі. Осылайша, тексерілген автокөліктің 4-ші экологиялық санатқа сәйкессіздігі көлік құралдарын мемлекеттік тіркеуден бас тартуға негіз бола алады. Жақында Қазақстанда Кедендік одақ елдерінен әкелінетін автокөліктерге салынатын қосылған құн салығының жойылуы – көліктерді кәсіпкерлік мақсатта емес, өз пайдасы үшін алып келетін жеке тұлғаларға ғана қатысты болатыны мәлімделді. Оның үстіне, әкелген көліктерін олар заң бойынша белгіленген мерзімге дейін қайта сата алмайды. Ғажайыптар өздігінен бола бермейді. Бұл ретте Еуразиялық одақ аясында

алынып тасталған шектеулердің арқасында мүмкіндіктерді мүлт жібермеуге тырысқан отандастарымыз зердеге алар жәйттер жеткілікті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары