$ 494.87  520.65  4.91

"Нұр Отан" салынған үйлердің сапасын тексерді

«Нұр Отан» партиясының елордадағы орталық ғимаратында Ұлттық қордан «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жаңа Экономикалық Саясатын іске асыру үшін бөлінетін бюджет қаражаты мен қаржыларды тиімді жұмсау және бақылау орнату бойынша партияның фракциясы мүшелерінен құралған комиссиясының отырысы болып, онда тұрғын үй құрылысының қарқыны жария етілді.

Өткен жылдың қараша айын­да «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысын­да қабылдаған «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» страте­гиялық бағдарламасының жүзеге асырылуы еліміздің өркендеуінің кең тынысын ашады деген халық оның тұрғын үйге қатысты жұ­мыс­тарына ерекше елеңдейді. Ол түсінікті де, сондықтан да болар, фракция мүшелерінің отырыста белсенділік танытып, баяндамашыны сұрақтың астына алуы заңды көрінген. Негізінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бюджет қаражатын және Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың қалыптасуын және тиімді жұмсалуын бақылаудың маңызына баса мән берген нұротандықтар  фракция мүше­лерінен «Әлеуметтік инфра­құ­рылымды дамыту»; «ТКШ инфрақұрылымының, сумен және жылумен қамтамасыз ету торап­тарының жаңғыртылуы, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту»; «Индустриялық, энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, шағын және орта бизнес пен іскер белсенділікті қолдау»; «Көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту» секілді төрт комиссия құрған болатын.  Және де осы сияқты комиссиялар партия желісі бойынша құрылып, олар еліміздің барлық аймақтарында жұмыс істеді. Отырысты ашқан Нұр Отан» партиясының хатшысы Қ.Ақсақалов өз сөзінде: «Бюджет қаражатын және Ұлттық қордан бөлінетін қаражатты тиімді жұмсау – аса маңызды және ол – партияның тұрақты бақылауындағы мәселе. Комиссия жұмысы барысында Үкіметпен өзара іс-қимыл жөніндегі жұмыс күшейтілді және ол осы қалыбынан таймайды, қазіргі уақытта партияның Орталық аппараты осы бағыт бойынша жұмыс жүргізуде, соның шеңберінде «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша қаражатты жұмсау тетігі мен бақылау индикаторлары жөнінде әдістемелік ұсынымдар әзірленетін болады», десе, Комиссия жетекшісі, Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Н.Логутов сегіз ай ішінде жоспардың 22 пайызын ғана игерген холдинг небәрі бес ай уақыт ішінде қалған қаражатты игеріп бітіре ала ма деген мәселеге күмәнмен қарап, құрылыс уақтылы аяқталмай жатқан аймақтарды атай келе,  көш соңында жүретін құрылыс нысандары мен оларды салатын мердігерлердің «Нұрлы Жол» бағдарламасының дұрыс орындалуына кедергі тигізетінін баса айтты. Сонымен бірге, «Бәйтерек» ұлттық басқарма холдингі» АҚ желісі бойынша құрылыс жүріп жатқан  облыстардағы жергілікті атқарушы органдар құрылыс жұмысының барысын бақылауға қатты көңіл бөлмейді, әрекетті көмек көрсетпейді, инженерлік коммуникацияларды дайындау бойынша өздерінің міндеттемелерін орындамайды, деген Николай Логутов кейбір өңірлердегі құрылыс уақытының кешігуі және қаржыны игеру көлемі алаңдаушылық тудыратынын қаперге салды. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысы 2015 жылдың сәуірінде 8 тұрғын үйді, яғни 1080 пәтерді пайдалануға беруі керек еді. Бірақ, құрылыс, тіпті, 1 маусымға дейін аяқталмаған. Себебі, кәріз желілерінде кінәрат бар. Енді жұмыс 1 шілдеге дейін аяқталады деп күтілуде. Шығыс Қазақстан облысында, атап айтсақ, Семей қаласында кейбір тұрғын үйлер жоспарға сәйкес мерзімі жеткенде инженерлік-коммуникациялық желінің тек 18 пайызын ғана дайындап үлгерген», деп атап өтті фракция мүшесі. Отырыста мәлім болғандай, 2015 жылы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту шеңберінде Ұлттық қордан 34 мектептің құрылысын бастауға қаражат бөлінген. Деректерге сәйкес,  Ақтөбе облысында («Нұр-Ақтөбе» шағын ауданында); Алматы облысы (6 мектеп) мен Астана қаласында (№ 26 орта мектеп) және Алматы қаласында (№ 26 орта мектеп) салынады. Сондай-ақ, 7 аймақта 9 мектептің құрылысын бастау үшін дайындық жұмыстары басталыпты.  Ақтөбе облысында (Кирпичный кентіндегі мектеп), Жамбыл облысында (Кұмшағыл бекеті,  Тараз қ.), Қарағанды облысында – 2 мектеп бойынша (Сәтбаев, Қарағанды қалаларында), Қызылорда облысында (Тәжібаев ауылындағы орта мектеп), Маңғыстау облысында (Бейнеу ауылындағы орта мектеп), Солтүстік Қазақстан облысында – 2 мектеп бойынша (Тайынша қ. және Новоишим ауданындағы  Мүсірепов қ.), Алматы қаласында (№157 орта мектеп). Сонымен қатар, конкурс өткізілді, соның арқасында Ақтөбе облысының Заречный-3 кентіндегі мектеп құрылысының мердігерлері айқындалған көрінеді. Бұл дегеніміз, еліміз бойынша қыркүйек айында 34 мектептің оқушыларының жаңа оқу жылын сәулетті ғимаратта бастаймыз деген үкілі үміттері болса керек.  Сондай-ақ, мектепке дейінгі білім беру шеңберінде 2015 жылы Ұлттық қор қаржысының есебінен 17 балалар бақшасының құрылысын бас­тау жоспарланыпты. Маңызды мәселе бойынша негізгі баяндаманы жасаған «Бәйтерек» ұлттық холдингі» АҚ басқармасының төрағасы Қуандық Бишімбаев Астана, Алматы қалалары мен өңірлердегі құрылыс жұмыстары жайлы асықпай баяндады. Оның айтуынша, «НҰҚ Бәйтерек» қол қойылған келісім бойынша 121,7 млрд. теңге көлеміндегі бөлінген соманың 27 млрд. теңгесін игеріп отыр. «Бүгінгі күні «Нұрлы Жол» бойынша жалға алу бағдарламасын іске асыру шеңберінде жалпы сомасы 63,2 млрд. теңге, көлемі 417,6 мың. м2 (7 208 пәтер) болатын 43 нысан бойынша келісімге қол қойылды, олардың ішінде: 2015 жылы тапсыру мерзімімен 53,3 млрд. теңге тұратын, аумағы 344,7 мың м2 (5 929 пәтер) болатын 36 нысан бойынша; 2016 жылы тапсыру бойынша 10 млрд. теңге тұратын аумағы 72,9 мың (1 279 пәтер) болатын 7 нысан бойынша келісімге қол қойылды»,  деп атап өтті холдинг басшысы Қ.Бишімбаев. Баяндамашының айтуынша, қол қойылған келісімдердің иемдену көлемі 194,8 мың шаршы метрді немесе 3 295 пәтерді құрайды,  құрылыс аумағы 222,8 мың шаршы немесе 3913 пәтер. Мысалы, бүгінгі күні Шымкент, Тараз, Семей, Қызылорда, Орал, Павлодар, Талдықорған, Өскемен және Петропавл қалаларында құрылыс жұмыстары жүруде. Ал депутаттардың бір жылға бөлінген қаражаттың бүгінгі күнге дейін, өзіңіз айтқандай, 23 пайызы ғана игерілгеніне қарап, жыл соңында қаржыны игере алмай қалмайсыздар ма деген сауалына: «Бүгінгі таңда мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй құрылысына бөлінген қаржының 23 пайызы игерілді, себебі, біз мердігерге алдын ала ештеңе төлемейміз. Тәртіп бойынша конкурстан жеңіп шыққан компания толығымен құрылыс жұмыстарын бітіруі қажет. Біз төлемді  содан кейін ғана жасаймыз, ал қазіргі 23 пайыз – олардың бүгінгі күні атқарған жұмысының көлемі, холдинг үйлер дайын болғанымен, қажетті құжаттары толық болмаса да қаржы аудармайды. Біз қазіргі уақытта 2015 жылы 344 мың шаршы метр алаңды  пайдалануға беру келісімшартына қол қойдық. Ал біздің осы жылға жоспарымыз – 400 мың шаршы метр. Яғни, бізге 60 мың шаршы метр жетпейді. Бірақ байқау жүргізіліп жатыр. Біз 2015 жылдың соңына дейін қажетті шаршы метрді жинап үлгереміз. Егер мердігерлер тұрғын үйлерді уақтылы тапсыратын болса, онда біз толығымен төлейміз. Демек, біз пәтерлер бойынша жоспарымызды толық орындайтын боламыз», деп жауап қайтарды. Депутаттар  пәтер пайдалануға беріліп жатқан көпқабатты үйлердің  маңы абаттандырылмай жатқанына мән берді. Балалар ойнайтын алаңдарда тастардан аяқ алып жүре алмайсыз, ойдым-ойдым шұңқырлар, ал мұнымен ешкім де айналысып жатқан жоқ. Үй пайдалануға берілген, адамдар тұрып жатыр, ал абаттандыру жағы мүлдем «ұмыт қалған». Инфрақұрылымды қойшы, олар әйтеуір жасалады. Ал аулалардың абаттандырылмауы, балалардың ойын алаңдарының болмауы алаңдатады. Мұнымен нақты кім айналысуы тиіс? Мүмкін мұны депутаттық топ тексеруі қажет шығар? Слайдтан көріп отырмыз, ал іс жүзінде мүлдем басқа жайт орын алуда, деген дабылға «Бәйтерек» ұлттық холдингі» АҚ басқармасының төрағасы  холдинг желісі арқылы салынатын тұрғын үйлер жергілікті әкімдіктердің қаржысы есебінен абаттандырылатындығын атап өтті.


Ақпарат көзі: http://egemen.kz/2015/06/17/66649

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары