$ 494.87  520.65  4.91

Үлгілі отбасы қандай болу керек?

Отан әрбір шаңырақтан басталады. Шаңырақ шаттығын ойлаған жан отбасындағы жарын, балаларын сүйеді. Осы сүйіспеншілік айналасындағы адамдарды, туған-туыстарын жақсы көруге, бауыр тартуға ұласады. Мұның арғы жағында Отан деген үлкен ұғым шығады. Осы үлкен шаңырақтың уығын мерейлі отбасылар ұстап тұрады. Елбасы Н.Назарбаев атап көрсеткендей, бізде әрбір отбасы өз Отанының шынайы патриоты болуы керек.

Отан, отбасы мерейін үстем ету жолында елімізде атқарылып жатқан игі шаралар көп. Мәселен, былтыр Астанада алғаш рет республикалық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өтті. Оған ҚР Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Түркістан қаласының құрметті азаматы Елтай Бимаханбетовтің отбасы қатысып, бас жүлдені Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан алып қайтты.

Облысымызда биыл да осы байқау жалғасын табуда. Дәстүрге орай бір топ азаматқа ортақ сауал қойған едік.

 Әмір Мұсақұлов, филология ғылымдарының кандидаты, профессор:

– Адамды орта тәрбиелейді. Отағасы тек қана өз отбасының айналасында қалмай, өскен, қоршаған ортасына да көбірек көңіл бөлуі тиіс. Отағасы мен отанасының мәдениеті, бүкіл болмысы, жан дүниесі, бетінен көрініп тұрған иман-ұяты, балаларына берген тәрбиесі, тіптен жүрген жүрісі, сөйлеген сөзі, киген киіміне дейін жасыл баққа кіріп барғанда алдыңнан жұмсақ та жұпар бір леп мерейлендіре қарсы алады ғой, сол сияқты көрген сәтте бойыңа лып етіп жылу дарытатын ерекше қасиеті болуы тиіс. Нағыз мерейлі отбасылар міне, осындай шаңырақтан шығады. Олар отбасы, ошақ қасында да, көпшілік ортасында да сол бір жарасымдылықтарын, сүйкімділіктерін сақтап, өнерімен де өзгешеленсе, қандай жарасымды! Мұндай отбасылар көрші-қолаңмен, ағайын-туыспен жақсы қарым-қатынаста болады. Қызғаныш деген қызыл иттің маңайынан жүрмейді. Маған болған жақсылық басқалардың да бақшасынан табылса екен деп тілейді. Жетім-жесірлерге, жоқ-жұқаналарға барын бөліп береді. Ұлттық құндылықтарды берік сақтайды. Дәстүр – жазылмаған заң. Міне, осы заңды құрметтей білу керек. Қазір жаїандану көшіне ілестік деп біраз жастар ұлттық құндылықтарды ұмыта бастады. Әрбір адам ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын оқып шығуы тиіс деп ойлаймын. Мен жоғарыда сөз еткен ұлттық құндылықтарға қатысты барлық жауап осы кітаптан табылады. Сонымен «Мерейлі отбасы» дегеніміз, түптеп келгенде, сауаттылықта, сауапты істерде жатыр.

 Ханшайым Есентұрова, Түркістан қаласының тұрғыны, «Алтын алқа» иегері:

– Сауалға жауап бермес бұрын бір жәйтті айтқым келеді. Мына көршілес Қытай елінің Үрімші қаласында тәулік бойы қазақ тілінде хабар тарататын бір арнаның кешкілік бағдарламасында отбасылық құндылықтарды насихаттауға көңіл бөлгені мені толғандырды. Осы бағдарламада 105 жасқа келген әжесіне келіндік парызын көрсеткен қазақ отбасына қаржылай 7 мың доллар сыйақы берді. Сөйтіп қазақ деген халықта үлкенді құрметтеу дәстүрі қалыптасқан деген қорытындыға келді. Біз де қазақтардай осы үрдісті өмірлік дәстүрімізге айналдыруымыз керек деп түйген қытай елі бұдан мемлекеттік деңгейдегі саясат шығарып отыр. Қоғам қанша ілгерілеп кетті, бүгінгі келіндер басқа дегенімізбен, қарт енесіне құрмет көрсетпейтін, алдын кесіп өтпейтін, ізетті, көргенді келіндер аз емес. Негізінен, отбасы бірлігін келіндер сақтайды. Қазақ «абысын тату болса ас көп» деп неге айтады? Демек, татулық абысындар арасында. Үлкен болсын, кіші болсын абысындар түптеп келгенде шаңырақтың отанасы. Өмірге ұрпақ әкелуші. Сондықтан келін екен деп оларды кері теппей, бері тартып, бауырға басып, тәрбие беру керек.

Бізде «келін ақ босағаны бақытты боламын дегеннен бұрын, бақытты етемін деп аттайды» деп айтады. Сол рас сөз. Кешегі қан қасап соғыс кезінде барлық ауыртпалықты иығымен көтеріп, шаңырақты сақтап қалған осы келіндер. Осыларды түйіндей келе айтарым, мерейлі отбасына айналудың ең басты шарты – келіндерді дұрыс таңдау. Қазақ «қатын алма, қайын ал» дейді. Бұл бай жерден қыз ал деген сөз емес. Оны бұрмалап жүрген өзіміз. «Қайын алудың» сыры көргенді жерден, текті елден қыз ал дегенге саяды. Отбасыңа береке кірді дегенше, мерей де қоса енді дей беріңіз.

 Құлбек Ергөбек, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор:

– Сауалыңыз күрделі екен. Меніңше, біріншіден, таза, мөлдір, шынайы махаббаттан көтерілген шаңырақты «Мерейлі отбасы» деп атауға болады. Екіншіден, өмір дегеніміз тек – қуаныш-шаттықтан ғана тұрмайды ғой. Өмір белестерінде түрлі ауыртпалықтар, қиындықтар, әртүрлі кедергілер кездесуі мүмкін. Міне, солардың бәрін бірлесе жеңген отбасы мерейлі болмақ. Үшіншіден, ұлттық салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды берік ұстанған, қалыптастырған, балаларының бойына сіңіре білген отбасы осы топқа жатады. Төртіншіден, урбанизацияға ұрынып, бір-екі баламен шектеліп қалмай, өмірге көп ұл-қыз әкелген, оларды тәрбиелеп, жетілдіргені үшін қабақ шытпай, қиналмай, Құдайдың бергеніне «тәубе» деп отырған үйелменді айтамыз. Бесіншіден, заман надандардан ғана тұрмайды. Заманына сай интеллектуалдық, зиялылық таныта білген отбасыларды қосамыз.

Біле білгенге, отбасы – үлкен институт, академия. Бұл – үлкен ғылым. Соны дұрыс меңгере білгендер ғана кемені дұрыс басқара алады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары