$ 444.22  476.38  4.82

Дәрігер - қастерлі мамандық

Аяғы ауыр әйелді аман-есен босандырып, нәрестесін қолына ұстату – барша акушер-гинекологтар үшін маңызды да жауапты міндет.

Ана мен бала денсаулығы үшін уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген сондай ақ халатты жандардың бірі – Гүлмира Әбдешова. Шардара аудандық орталық аурухананың перзентхана бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып келе жатқан Гүлмира Әбдешова осы бір қиын салаға кездейсоқ келген жоқ. Тіпті, бала кезінен акушер болуды армандап, мектеп оқушысы кезінде-ақ перзентханада босанып жатқан әйелдердің басы-қасында жүрді десек біреу сенер, біреу сенбес. Иә, тұлымшағы желбіреген қағылез қыз әйел-аналардың өмірге адамды қалай әкелетінін, оларға дәрігерлердің қалай көмектесіп жатқан жанкешті тірліктерін өз көзімен көріп өсті. Гүлмираның жастайынан ақ халаттылардың арасында жүруі – әкесі мен анасының бірдей дәрігерлік қызмет атқаруында еді. Әкесі Жұмахан – Отырар ауданына есімі белгілі дәрігер-хирург еді де, анасы Ханшайым – акушер-гинеколог болатын. Аудандық аурухананың бас дәрігері болып қызмет істейтін Жұмекең қызының түбінде дәрігер болып шығатынын білді.

Шәуілдірдің бойжеткеніне тағдыр Шардараға келін болуды жазған екен. Дәулет есімді жігітпен көңіл жарастырып, ауданның құрылысына еңбегі сіңген азаматтың бірі Серікбай Асановтың отбасына келін болып түсті. 1989 жылдан бастап аудандық орталық аурухананың перзентхана бөлімінде табан аудармай қызмет етіп келеді.

– Мен мұнда келген 15-ші акушер-гинеколог екенмін. Бас дәрігеріміз Кеңес Әбуов ота жасау жөнінде көп нәрсе үйретті. Ауданның тұңғыш акушер-гинекологы Райхан Әбдірахманова, Назым Жәденова, Сапар Төлепов сынды азаматтармен бірге еңбек еттім. Біздің ауданда қай уақытта да акушер-гинеколог мамандығына сұраныс жоғары. Қазір де сондай, осы салада маман тапшы. Бүгінгі таңда гинекология бөлімінің меңгерушісі Ардақ Әлменова, бұрыннан жұмыс істеп жүрген Бақыт Тілешева, Айжан Халикова, жаңадан келген екі маман Айжарқын Қалықұлова, Раушан Мәнсұр есімді акушер-гинекологтар тыным алмастан еңбек етіп келе жатыр. Акушерлер үшін демалыс, мереке деген күндер болмайды, – дейді Гүлмира Жұмаханқызы.

Былтырғы жылы перзентхана бөлімінде 1237 сәбидің кіндігі аман-есен кесілсе, биылғы жылдың алғашқы бес айында 500-дей шақалақ дүние есігін ашыпты. Акушер-гинеколог мамандардың бүгінгі таңда алға қойып отырған басты мақсаттары – жүкті әйелдерді І деңгейлі дәрежеге дайындап, өз күштерімен босанатын жағдайға жеткізу.

– Ана мен бала денсаулығын нығайту жолында мемлекетімізде барлық жағдайлар жасалынып келеді. Әйел жүкті болғаннан бастап, есепке алынып, дәрігерлердің қарауында болады. Егер барлық жүкті келіншектер дәрігердің нұсқауларын мүлтіксіз орындап, ақыл-кеңесін дер кезінде пайдаланып отырса сәбиін аман-есен, оңай босанар еді, – дейді Гүлмира Әбдешова.

Аудандық аурухананың бас дәрігері Әзірет Ерназаров, басқа бөлімдерде адам жанының арашашысы болып жүрген Пазылхан Мыңбаев, Мұхаббат Сымайылова, Таня Ким, Нұрғали Мырзаханов, Қайрат Әзтаев, Сапарғали Әбілдаев секілді әріптестерінің есімдерін құрметпен атаған Гүлмира Жұмаханқызы барша дәрігерлер қауымын төл мерекелерімен құттықтап, олардың еңбектеріне жеміс тілейтінін жеткізуімізді сұрады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары