$ 494.87  520.65  4.91

Ел боламын десең, бесігіңді түзе

Еліміздің тәуелсіздік алғанына биыл 24 жыл толады. Бұл тарихи өлшем бойынша айтарлықтай ұзақ уақыт емес. Дегенмен, осы уақыт ішінде бір ұрпақ өсіп, жетіліп, отбасын құрып, өмірдің кезекті сатысына қадам басты. Мемлекетіміз де аз уақытта әлемге танылып, қарқынды даму жолына түсті. «Бүгінгі жастар сол жеткен жетістіктерімізді ары қарай алып кете ала ма?» деген сауал төңірегінде ой қозғасақ.

Ең бастысы, баланы азамат етіп тәрбиелеу керек. Жерді қайта жыртуға, өнбей қалған тұқымды қайта себуге болады. Ал, уақытында берілмеген білім мен тәрбиенің орнын ешқашан да толтыра алмаймыз.

Жоғары, арнаулы оқу орындарында, жалпы білім беретін мектептерде дарынды жастар аз емес. Дегенмен, оларды тәрбиелеу мәселесі қай қоғамда, қай уақытта болмасын өзінің маңыздылығын жойған емес. Бала тәрбиесінің негізі отбасында қалыптасатыны белгілі. Елімізде қолданыстағы Конституцияда «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың жеке құқығы әрі міндеті» деп атап көрсетілген. «Неке және отбасы туралы» Заңда да «Бала тәрбиелеуші ата-аналар оның психикалық, адамгершілік және рухани жағынан дамуына қажетті өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету үшін негізгі жауапкершілікте болады» делінген. Ал, шындығына келгенде, осынау заң талаптарының орындалмайтыны көңілге кірбің түсіреді.

Жаңадан отбасын құрған жастарға «Босағаларың берік болсын!» деген тілек айтамыз. Бірақ, шаңырақтары тым тез шайқалып жатқандар аз емес. Мәселен, 2013 жылы облысымызда 6763 отбасы отау құрса, соның 1036-сы ажырасқан. Ал, былтыр әрбір некелескен 100 жұптың 15 пайызы серт бұзған. Бұл нені көрсетеді?.. Ұлттық құндылықтарымыздың, әдет-ғұрыптарымыздың өзгергені, арзандай бастағаны емес пе? Мұның қалай алдын алуға болады?

Елбасы Қазақстан халқына арнаған әрбір Жолдауында оқу-ағарту, тәлім-тәрбие, білім мен ғылымды дамытуға айрықша мән беріп келеді. Тіпті, бірде «Оқу орындары жастарға тек білім беріп қана қоймай, сонымен қатар алған білімін әлеуметтік бейімделу үрдісіне пайдалануға да үйрету тиіс» деген болатын.

Расында да, жастарға білім беріп қана қоймай, олардың тәрбиесіне де ерекше назар аудару қажет. Өйткені, олар еліміздің ертеңгі тірегі. Сондықтан бұған ата-аналар мен мектеп ұжымы ғана емес, колледж, университет оқытушылары да үлес қосуы тиіс.

Біздің оқу орнымызда жастардың толыққанды білім алып, тәрбиелі болып өсіп-жетілуіне барынша көңіл бөлінген. Тіпті, оқу үлгерімі жақсы студенттердің тегін білім алуына да болады. Нақты статистикалық деректер келтірер болсақ, 2014-2015 оқу жылында ақылы негізде оқуға түскен 200 дарынды жасқа осындай мүмкіндік берілді. Келешекте ақылы бөлімге қабылданған студенттердің оқу ақысын азайтып, олардың білімдерін шетелдерде ұштауына жағдай жасалмақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары